Таяу он жылдықта ядролық қару-жараққа ие мемлекеттердің саны артуы
мүмкін. Қазақстан стратегиялық
зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин осындай пікір білдірді.
Астанада
ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орайластырылған жиын өтті.
Ерлан Қариннің айтуынша, қазір әлемде он бес мыңнан астам ядролық оқтұмсық бар.
Олардың 1800-і әскери белсенді. Яғни кез-келген сәтте қолданылуы мүмкін.
«Демек, қазіргі геосаяси шиеленістердің күшеюіне байланысты, мемлекеттердің
ядролық қаруды иемденуге қызығушылығы артып келеді. Ал бұл жағдай әлемдік саяси
аренада үлкен алаңдаушылық тудыруда», - деді Ерлан Қарин.
Айта кетейік, ертең
Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі
халықаралық агенттік арасында келісімге қол қою рәсімі өтеді.Бұл құжат
Қазақстан аумағында төмен байытылған уран банкін құруды қарастырады.
Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер
институты директоры:
Қазірдің өзінде 40-қа жуық мемлекеттер ядролық технологияларды иемденуге
жақын. Яғни бұл таяу уақытта, 20-30 жылда, ядролық қаруды иемденген елдердің
қатары бірнеше есе өседі деген сөз. Яғни ертең белгілі бір жағдайда бұл
қару-жарақтарды өздерінің қарсыластарымен теке-тіресте пайдаланбасына ешкім
кепіл бере алмайды. Сондықтан бұл мәселе әлі де өзінің өзектілігін жоғалтып
отырған жоқ.
Жұрағат БАМАН