$482.86 €533.17 ₽5.08
×

Мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген пәтерлерге тұрғындар қоныстана алмай отыр

AstanaTV
02.09.2015ж. 20:00
1352
Мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген пәтерлерге тұрғындар қоныстана алмай отыр

Қызылжарда мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алған тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармады. Береке шағын ауданындағы жаңа 5 қабатты тұрғын үй екі аптадан бері коммуналды қызметке қосылмаған. Осыған наразы болған тұрғындардың айтуынша, нысанды қабылдау туралы құжатқа былтыр жыл соңында қол қойылған. Бірақ тұруға әлі күнге дейін жағдай жасалмапты. 45 пәтерлі баспана «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және жалға берілетін коммуналдық үй бағдарламасы арқылы тұрғындарға таратылған еді. Сақалды құрылысқа айналған нысан 2013 жылы қолданысқа берілуі тиіс болатын.

Бұл баспанада адам тұруға еш жағдай қарастырылмаған. Әйнектер сынған, еден төсемдері ісініп тұр. Есіктеріне тұтқа да орнатылмаған. Үстіңгі қабаттардың төбесінен су жайылған. Жаңа үйде коммуналды қызмет атымен жоқ. Роза Шаяхина мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтерге ие болғанымен, әлі күнге туыстарының баспанасын паналап жүр.

Роза Шаяхина, Петропавл қаласы тұрғыны:

Пәтер кілтін әлдебір жұмысшыдан алдым. Есігі шұрық-тесік. Үйдегі құбырлардың бәрін тот басқан. Қалалық әкімдік өкілдері әзірге тұра беріңдер, су мен жарықты кейін қосамыз дейді.

Қалалық тұрғын үй қызметі өкілдерінің айтуынша, осы уақытқа дейін су және жылу компанияларымен келісімшарт жасасуға қатысты біршама қиындықтар туындаған. Дегенмен қазір мәселе шешілген сыңайлы.

Виталий Беспалов, Петропавл қаласы тұрғын үй қызметінің басшысы:

Қазір барлық мәселелер келісілген. Ертеңнен бастап бұл жерде коммуналдық қызметтер жұмыс істейтін болады. Есептегіш құралдарына бітемелерді орнатып, басқа да шаруаларды тындырады. Алдымыздағы күндері жарық пен су берілетін болады.

Үйдің мұндай халде тұрғаны бас мердігердің кінәсінен, дейді билік өкілдері. Жұмысты тиісті деңгейде жүргізбеген жауапсыз құрылыс компаниясымен қалалық әкімдік соттасып  үлгерген. Енді сот шешіміне сәйкес «Жігер Строй Сервис» серіктестігі жіберілген олқылықтарды түгелдей жоюы тиіс.

Қайролла Ғалеев,  Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

«Жігерстрой» серіктестігі сот шешіміне сәйкес бұл баспанадағы олқылықтардың бәрін бір айдың ішінде қайта орындауы керек. Қосымша қаражат бөлінбейді. Мердігер бүкіл шығынды өз мойнына алады.

Мына кадрлар былтырғы жылдың тамыз айында түсірілген еді. Баспаналарын күтуден жалыққандар бас мердігер мен әкімдік өкілдеріне шағымданған.

Аягөз Құсайынова, Петропавл қаласының тұрғыны /тамыз, 2014 ж./:

Міне 3 жыл бойы мен осы қалада пәтер жалдап келе жатырмын. Ай сайын 40 мың теңге төлеймін. Төртінші жыл мынау бітпей тұрғаны. Менікі мынау 5-этаж. Әлі де басталған жоқ, міне, орнында жоқ тіпті. Бір - екі-ақ кірпіш көтеріліп тұр, бітті. Енді мен оны неше жыл тосуым керек? Шыны - мен қиналып жүрмін.

Сол кезде жергілікті билік 5 қабатты үй екі айдан соң тапсырылады, деп халықты сабырға шақырған еді. Алайда, сағызша созылған құрылыс тек биыл ғана аяқталды. Алайда, пәтерлерде коммуналдық қызметтер әлі қосылмаған. Сөйтіп, жергілікті биліктің сөзіне сенсек, дауға айналған Береке шағын ауданындағы үйлерге жақын арада береке кірмек. Ал оған дейін өркениеттен ада қалған үй тұрғындары шықпа, жаным, шықпа деп отыруға мәжбүр.

Абзал ҚҰРМАНКИН