Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Атыраулық полицейлер кездейсоқ табылған төсбелгілердің иесіне іздеу салады

AstanaTV
02.09.2015ж. 20:00
1718
Атыраулық полицейлер кездейсоқ табылған төсбелгілердің иесіне іздеу салады

«Қызыл жұлдыз» орденінің иесі кім? Атыраулық полицейлер екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігі үшін төсбелгімен марапатталған белгісіз жанды іздестіріп жатыр.

Жол-патрулдік қызметтің аға сержанты түнгі кезекшілікте жүрген кезде әлдебір гараждың маңына жасырылған дорбаны тапқан. Оның ішінде белгісіз майдангерге тиесілі 16 орден-медаль бар екен. Арасында «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» ордендері мен «Ерлігі үшін» және  Жеңістің  мерейтойлық медальдары бар. Мұнан өзге ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені де табылған.

Полицейлер, бұл құнды марапат белгілер ұрланған болуы мүмкін, дейді. Сондықтан қалалық Ішкі істер басқармасы Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-тармағы, яғни «Ұрлық» фактісі бойынша іс қозғаған. Қазір әскери марапаттардың нөмірлері арнайы органдарға жіберіліп, марапат иесі іздестірілуде.

Берікқали Жанұзақов, Атырау қалалық Ішкі істер басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары:

Табылған 16 дананың бәрінің де өздерінің нөмірлері бар. Нөмірлеріне сәйкес кезінде кімге берілгенін анықтау мүмкіндігіміз бар. Егер де анықталған жағдайда, сол иесіне қайтарылады. Егер иесі табылмаған жағдайда, Атырау қалалық Ішкі істер бөлімінің мұрағатына тапсырылатын болады. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ