Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Павлодарлық энергетиктер тұрғындарға 48 млн теңгедей соманы қайтарып беруі тиіс

AstanaTV
03.09.2015ж. 20:00
1416
Павлодарлық энергетиктер тұрғындарға 48 млн теңгедей соманы қайтарып беруі тиіс

Павлодарлық энергетиктер тұтынушыларға 48 млн теңгедей қаржыны қайтарып беруі тиіс. Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті аймақтағы жылумен қамту кәсіпорнына осындай нұсқама жолдаған. Аталған департаменттің ақпаратына сәйкес, қайта есептеу сомасы жылыту маусымы кезіндегі ауаның нақты температурасын ескере отырып шығарылады. Ал, 2014 - 2015 жылғы жылыту маусымында күн райы белгіленген межеден жоғары болды. Осыған орай өткен жылдардағы жылуға ақы төлеген тұтынушылардың қаржысы қайта есептелген.

Думан Шаханов, Павлодар облысы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бөлім басшысы:

Павлодар қаласы бойынша есептелген қорытынды бойынша тұтынушыларға қайтарылатын сомма 23 млн 119 мың теңгені құрады. Ал, Екібастұз қаласы бойынша 23 млн 739 мың теңге. Облыс аудандарында  қайтарылатын сомма 1 млн 600 мың теңге.

Алайда монополистер мұнымен келіспейді. Айтуларынша, департаменттің әрекеті қолданыстағы Заңға қайшы. Анықталғандай, заңның «нақты ауа температурасына сәйкес қайта есептелінетін соманы халыққа қайтаруға» қатысты бабына биыл өзгертулер енгізілген. Ол мамырдың 18-інде, яғни жылыту маусымы аяқталған уақытта күшіне енген. Қысқасы, энергетиктер енді құқықтарын қорғау үшін, сотқа арызданды.

Асқар Шөмшеков, «Павлодарэнерго» АҚ ресми өкілі:

Нақты ауа температурасын ескере отырып, есептелінген соманы халыққа қайтаруды есептейтін әдістің өзінде де, гәп бар. Белгілі болғандай, бұл нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу реестрінде тіркелмеген. Біздің қолымызда осыған негізделген Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі бар. Енді бәрін алдағы сот отырысы шешеді.    

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ