Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Астанада кептеліске байланысты мектептерде оқу уақытын өзгертуге қатысты бастама кері қайтарылуы мүмкін

AstanaTV
10.09.2015ж. 13:00
1550
Астанада кептеліске байланысты мектептерде оқу уақытын өзгертуге қатысты бастама кері қайтарылуы мүмкін

Астанада көлік кептелісіне байланысты, мектептердегі таңғы ауысымдағы оқу уақытын өзгерту бастамасы кері қайтарылуы мүмкін. Бұл туралы «Астана» арнасының тілшілеріне Білім басқармасы бастығының орынбасары Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді. Айтуынша, Астана қалалық білім басқармасы, «Астана LRT» серіктестігімен бірлесе мониторинг жүргізіп, елорданың көшелеріне түсетін жүктемені анықтаған.

Ал аталмыш маршруттар № 1, 3, 5, 6, 17, 31, 35, 38, 50, 53, 54, 56, 59, 60, 66, 70, 75 мектептер орналасқан аудандардан өтетін көрінеді. Осыған байланысты, білім басқармасы өкілдері, мектеп директорлары мен ата-аналарға осы білім ошақтарында сабақты таңғы сағат 7:40 -та бастау бойынша жұмыс режиміне өзгерістер енгізуді ұсынған. «Қазір бұл мәселе талқылану үстінде», - дейді басқарма өкілдері. 

Қасымхан Сенғазыев, Астана қалалық білім басқармасы бастығының орынбасары:

Әзірге қандай да бір нақты пікір жоқ. Сабақтың 7:40-та басталатыны туралы шешім қабылданған емес. Әзірге қарастырылып жатыр. Бірақ бір нәрсені өзгерту үшін, бір нәрседен бастау керек. Қазір бұл мәселемен сарапшылар айналысуда.

Ал Сенат депутаттары мектептердегі таңғы ауысымның уақытын өзгерту бастамасы кептелістер мәселесін шешіп қана қоймайды деген пікірде. Олар ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде септігін тигізеріне сенімді. Сенатор Владимир Бобровтың айтуынша, бұл жерде осы екі факторды ескеріп қана қоймай,  балалардың денсаулығына нұқсан келтірмеу жағын да ойлау керек. «Әрбір адамның өз биологиялық сағаты болады. Сол себепті тиісті зерттеулер жасап, уақыт өзгерісінің зияны мен пайдалы жақтарын анықтау қажет», - деді депутат.

Владимир Бобров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Кішкентай баланы таң сәреде ояту өте қиын. Десе де, 20 минуттық айырмашылық ауыртпалық туғызбайды, деп ойлаймын. Бала да оған үйреніп кетеді. Әр адамның биологиялық сағаты деген болады. Соған қарап, әкімдік тиесілі органдарға тапсырма беріп, зерттеулер жүргізу керек. Таңғы уақытта әр минут санаулы, сондықтан бұл бастама күшіне енсе, кептелістер азаяды деген пікірдемін. Балалардың қауіпсіздігіне де пайдалы.

Жұрағат БАМАН