$447.9 €482.16 ₽5.54
×

Астанада кептеліске байланысты мектептерде сабақ уақытын өзгерту бастамасы кері қайтарылуы мүмкін

AstanaTV
10.09.2015ж. 20:00
1096
Астанада кептеліске байланысты мектептерде сабақ уақытын өзгерту бастамасы кері қайтарылуы мүмкін

Астанада көлік кептелісіне байланысты мектептердегі таңғы ауысымдағы оқу уақытын өзгерту бастамасы кері қайтарылуы мүмкін. Бұл туралы «Астана» арнасының тілшілеріне Білім басқармасы бастығының орынбасары Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді. Айтуынша, Астана қалалық білім басқармасы, "Астана LRT" серіктестігімен бірлесе мониторинг жүргізіп, елорданың көшелеріне түсетін жүктемені анықтаған. Ал аталмыш маршруттар № 1, 3, 5, 6, 17, 31, 35, тағы да басқа экранда көрсетілген мектептер орналасқан аудандардан өтеді. Осыған байланысты білім басқармасының өкілдері, мектеп директорлары мен ата-аналарға осы білім ошақтарында сабақты таңғы сағат 7:40 -та бастау бойынша жұмыс режиміне өзгерістер енгізуді ұсынған. «Қазір бұл мәселе талқылану үстінде», - дейді басқарма өкілдері.

Қасымхан Сенғазыев, Астана қалалық білім басқармасы бастығының орынбасары:

Педагогикалық ұжыммен бірге, мектептің ата-аналарымен бірге осы мәселені қарастырып, кімге мүмкін 7:40-тан дұрыс болар. Болмауы да мүмкін, деген сияқты ұсыныс берілген. Оны қазір түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қарастырылуда. Алдағы таңда көшу, не көшпеу мәселесі әлі белгісіз.

Ал сенат депутаттары мектептердегі таңғы ауысымның уақытын өзгерту бастамасы кептеліс мәселесін шешіп қана қоймайды деген пікірде. Олар алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеріне сенімді. Сенатор Владимир Бобровтың айтуынша, осы екі факторды ескеріп, балалардың денсаулығына нұқсан келтірмеу жағын ойлау керек. «Тиісті зерттеулер жасалып, уақыт өзгерісінің зияны мен пайдалы жақтарын анықтау қажет», - деді депутат.

Владимир Бобров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Кішкентай баланы таң сәреде ояту өте қиын. Десе де, 20 минуттық айырмашылық ауыртпалық туғызбайды, деп ойлаймын. Бала да оған үйреніп кетеді. Әр адамның биологиялық сағаты деген болады. Соған қарап, әкімдік тиесілі органдарға тапсырма беріп, зерттеулер жүргізу керек. Таңғы уақытта әр минут санаулы, сондықтан бұл бастама күшіне енсе, кептелістер азаяды деген пікірдемін. Балалардың қауіпсіздігіне де пайдалы.