Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қарағанды облысындағы тасқыннан зардап шеккен елді мекендерде баспана құрылысы аяқталды

AstanaTV
25.09.2015ж. 20:00
1204
Қарағанды облысындағы тасқыннан зардап шеккен елді мекендерде баспана құрылысы аяқталды

Қарағанды облысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерде баспана құрылысы аяқталды. Апаттан ең қатты соққы алған Ғабиден Мұстафин ауылының тұрғындары бүгін қоныс тойын тойлап жатыр. Бұл елді мекенде көктемдегі су тасқынынан 272 баспана қирап қалған еді. Ауылдықтардың қуанышына біздің түсіру тобымыз да куә болып қайтты.  

Ғабиден Мұстафин ауылында бұрын болмаған жаңа көше ашылды. Бұл маңайға тасқыннан зардап шеккен 5-6 отбасы қоныс тепті. Алда тағы да жаңа баспаналар салу жоспарда бар.

Айжан Қуаш, тілші:

Құрылыстың аяқталуын 5 ай бойы күткен жаңа көшенің тұрғындары жұмысты тексеруге келген облыс басшылы өкілдерін шашу шашып қарсы алды. Бүгін  65 отбасына жаңа баспана табысталды.

Солардың бірі Еркебаевтар жанұясы қоныс тойын Құрбан айт мерекесімен бірге атап өтуде. Тасқынға дейін ескі үйдің екі бөлмесін паналап келген олардың қуанышында шек жоқ.

Гүлсім Еркебаева, Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны:

Бәріміз қуанып жатырмыз. Бұрын екі бөлмеде тұрсақ, қазір 3 бөлмелі үй салып берді. Өзіміз қадағаладық, өте қуаныштымыз.

Жұмабековтер отбасының ескі саман үйін де сел шайып кеткен еді. 5 балалы үлкен отбасына бүгін екіқабатты үй берілді. Жаңа баспананың алаңы да үлкен. Жуынатын бөлме мен от жағатын қазандығы да бәрі ішінде. Бұрын мұндай жайлылықты көрмеген Сәмен әжей, осы баспана ұрпақтарым үшін құтты үй болсын, деген тілегін жеткізді.

Сәмен Ахметова, Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны:

Бұрын саманнан салған едік өзіміз. Қазіргі үй жақсы, суы бар.Бұрын 2-3 пеш жағатынбыз. Енді 1-ақ пеш. Салып берген үкіметке рахмет.

Қарағанды облысы бойынша тасқыннан қираған ескі үйлердің орнына 391 жаңа баспана салынған. Тағы 100 үйдің мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр. Басшылық 45 отбасына үй сатып алып берген. 32 отбасына лайықты баспана іздестіріліп жатыр. Ауыл тұрғындарының кейбірі үйдің орнына өтемақы алуға келіскен.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

Қалған үйлерді механизмін тауып, сатып алып бітіреміз, олардың алаңдататын мәселе жоқ. Осылай 75-тен астам мердігер жұмыс істеді. Осы мәселені абыроймен атқардық. Бүкіл қазақстандықтар біреу қаражат, біреу құрылыс материалымен көмектесті. Біз ел болып, облыспен бірлесіп, бір ел екенімізді көрсеттік.

Еске салсақ, биылғы көктемде Қарағанды облысындағы 12 елді мекен су астында қалған еді. Салдарынан 400-ге жуық үй құлап, жолдарды су шайып кетті. Тұрғындар жаңа баспаналы болғанымен, көлік жолдарын қалпына келтіру қиынға соғуда. Аймақ басшылығы ол жұмыстарды аяқтаудың келесі жылға қалдырылғанын мәлімдеді. Ауылдықтар болса, үйлеріміздің толық салынып біткеніне шүкір десті. Олар ертеңнен бастап қора-қопсы салып, қыс қамына кіріспек.

Айжан ҚУАШ