$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астанада мектеп оқушылары ұйымдастырған «Күншуақ» қамқорлық акциясы мәресіне жетті

AstanaTV
12.03.2014ж. 20:00
1763
Астанада мектеп оқушылары ұйымдастырған «Күншуақ» қамқорлық акциясы мәресіне жетті

Қайырымдылықтың үлкен - кішісі жоқ. Бүгін Астанада мектеп оқушылары ұйымдастырған «Күншуақ» қамқорлық акциясы мәресіне жетті. Бір айдан астам уақытқа жалғасқан шара нәтижесінде көмекке зәру 17 оқушы қажетті киім-кешек, сыйлықтармен марапатталды. Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында шәкірттердің ықыласымен өткен шара туралы Сымбат Молдатай. 


«Жауқазындар бас жарып биік қырда», сәмбі талдар ақ бүршікке оранатын, жыл басы - әз Наурыз. Түркіге ортақ төл мереке жақындап келеді. Осы айтулы күн қарсаңында ер балаларға арналған қазақ- түрік лицейінің оқушылары ерекше шара өткізді.


Дәулет Қыдырбекұлы, ер балаларға арналған қазақ- түрік лицейінің 11- сынып оқушысы:


Мен өз үйімнен үлкен торт алып келдім. Тортты бөліп, әрқайсысын 50 теңгеден сатқанда, 500 теңге болып шықты. Мен оны өз сынып жетекшіме бердім.


Ер балалар тағам пісіріп, қолөнер бұйымдарын әкеліп, мектепте жәрмеңке өткізген. Мақсат - жағдайы төмен өзге оқушыларға қол ұшын созу, игі іс атқару. Балалардың бұл ниеті іске асып, бес аптаға созылған қызу саудадан ортақ қазынаға 182 мың теңге жиналыпты.

 

Жұмакүл Жалмағамбетова, ата- ана:

 

Біз өзіміз оқушыларға жалпы зат болсын демей, өзіміз ертіп жүріп оқушылармен бірге сол оқушыларға қалаған заттарын алып бердік. Ол әртүрлі заттар, балалардың спорт киімдері, өздеріне ұнаған заттарын ата-аналар бірге жүріп алып бердік.


Қайырымдылық - ізгілікті іс. Бүгін, міне, 17 оқушыға аз да болса, керек-жарақ киім-кешек сыйға тартылды. Олар Білім басқармасының тізіміндегі жағдайы төмен отбасылардан шақырылыпты. 


Ержан Аубакиров, ер балаларға арналған қазақ- түрік лицейінің директоры:


Бесінші жыл үзілместен бұл іс-шараны өткізіп келе жатырмыз. Бұл іс-шараның басқа іс- шаралардан өзгешелігі - балалардың өздері ұйымдастыруы. Балалардың жүрегіндегі мейірімділік, адамгершілік, ізгілік, көмектесу, осындай сезімдерді балаларға тек сөзбен емес, іспен көрсету.


Әз-наурыз мерекесі қарсаңында өткізілген бұл шара - мектепте қалыптасқан жылдағы дәстүр екен. Ұстаздар «бұл рухани азық болар  іс» деп қуанса, оқушылар жылдан жылға акция аясының ұлғайғанына дән риза.


Сымбат МОЛДАТАЙ