Бүгін Президент Нұрсұлтан
Назарбаев Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры
Ақылбек Күрішбаевты қабылдады. Кездесу барысында отандық аграрлық ғылымның
жай-күйі және оны одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев елімізде ауыл шаруашылығы саласының тиісті қарқында дамымай
отырғанын айтып, агроөнеркәсіп кешенінде әлемдік технологияларды Қазақстан
жағдайын ескере отырып енгізу қажеттігін айтты.
Өз кезегінде Күрішбаев аграрлық
зерттеу университетін құру тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі жұмыс басталғаны туралы
хабарлады. Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелер бойынша
бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин
атындағы қазақ агротехникалық университетінің ректоры:
Аграрлық салаға келетін болсақ,
ең үлкен мәселе ғылымды дамыту, білімді, білікті мамандарды шығару. Елбасы
тапсырмасына сай біз агротехникалық университет базасында ғылыми зерттеу
аграрлық университетті құруға кірістік. Бүгін мен Елбасына өзіміздің
ұсыныстарымызды айтып шықтым.
Айгүл ӘДЕПБАЙ