Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Петропавл іргесіндегі Заречный кентіне қара судан қауіп төнді

AstanaTV
28.04.2014ж. 20:00
1361
Петропавл іргесіндегі Заречный кентіне қара судан қауіп төнді

Петропавл іргесіндегі Заречный кентіне қара судан қауіп төнді. Әсіресе ауыл шетіндегі саяжай тұрғындарынан маза қашты. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Есіл өзені ернеуінен асып, аталған елді мекенге апаратын айналма жолды шайып кеткен болатын. Қазір өзен деңгейі одан әрі көтеріліп, екінші жол да су астында қалды. 2 мыңдай тұрғыны бар кентпен қарым-қатынас қиындады. Абзал Құрманкиннің репортажында толығырақ. 

Заречный кентінің ахуалы күннен күнге ушығып барады. Қазір бұны кішігірім «арал» десек те болады. Алдымен ауылдың солтүстік қақпасын су басты, кезек енді негізгі жолға да жетті. Судың астында қалған аралықтың ұзындығы шамамен 500 метр. Тереңдігі арасында 80 см-ге дейін жетеді. Осы жерде бекет орнатқан жол полициясының қызметкерлері джиптарды да жібермей жатыр. Жолдың арғы жағына тек жүк көліктерге ғана өтуге рұқсат.

Жеңіл темір тұрпарлар мен қоғамдық көліктер суды жарып өте алмайды. Тұрғындар енді тек жаяу жүргіншілерге арналған кішкентай көпірмен қатынап жүр.

Көпірмен жаяу жүруге 300, 400, 500 метр жерді жаяу жүруге тура келіп тұр. Автобус жоқ. Жағдайымыз қиын. Қанша жұмыстан қалып жатырмыз. Қанша балалар оқудан қалып жатыр.

Уже вода к самым домам подошла. Не знаю, как ночь пройдет. Каждую ночь добавляется и добавляется вода.


Тасыған өзен суы Заречный кентінде қызметтегі адамдарға да қиындық туғызып отыр. Мәселен, осы ауылда орналасқан түзету колониясының қызметкерлері көліктерін дамба маңында тастап кетуге мәжбүр.

Өзеннің арнасынан тасуы ауыл тұрғындарын тамақпен қамтамасыз етіп отырған ауыл кәсіпкерлеріне де бөгет жасап тұр. Осыған орай, ауыл халқына азық-түлік әкелуді әкімдіктегілер қолға алған.

Евгения Сальникова, Петропавл қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:

Заречный кентінде 3 азық-түлік дүкені бар. Олардың иелері аса қажетті тауарларды қаладан осы көпірге дейін әкеледі. Біз бұл жерде әлгі тауарларды арнайы жүк көлігіне артып, дүкендерге таратамыз.

Қазір төтенше жағдай департаментінің негізгі күші осында жұмылдырылған. Мекеме басшылығы 3 мобильдік бекет орнатып, судың деңгейін аңдып отыр.

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

Қазір бұнда төтенше жағдай департаментінің 21 қызметкері мен 6 бірлік техника жұмыс жасап жатыр. Қуанышқа орай, әзірге үйлерді су басқан жоқ. Біз жағдайды күні-түні бақылап отырмыз. Егер де үйлерді су басса, біз оларды дереу көшіруге дайынбыз.

Құтқарушылардың айтуынша, судың деңгейі бүгін-ертең шарықтау шегіне дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты жергілікті билік тұрғындарды көшіру үшін екі мектепті әзірлеп қойған. «Сақтықта қорлық жоқ», - дейді.

Абзал ҚҰРМАНКИН