Қазақстандағы
сайлау науқаны асқан белсенділікпен өтті. Бұл
халықаралық байқаушылардың пікірі. Шетелдіктер, әсіресе, дауыс беруге
таңмен таласа келген жастарға және сайлауға отбасы мүшелерімен түгел
қатысқандарға тәнті болған. Әрине, журналистердің шұғыл ақпар таратуы үшін
жасалған жағдайға да оң баға бергендер көп. Бұл жолғы шараны қадағалауға 964
шетелдік өкіл жеткен. Оның 147-сі түрлі медиа қызметтің мамандары. Құралай Пионер тарқатсын.
Саяси
доданы шартарапқа тарату үшін, сырт елден 147 БАҚ өкілі келген. Соның бірі - Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «MediaNub International» басылымының тілшісі Абдулрахим Абдулвахид. Айтуынша, Қазақстанда бұған дейін де іссапармен бірнеше мәрте болған.
Абдулрахим
Абдулвахид, «MEDIANUB INTERNATIONAL» басылымының өкілі:
Былтыр
да президенттік сайлауда болғам. Байқауымша, биыл шетелден ақпарат құралдарының
өкілдері аздау келіпті. Ұйымдастыру, сайлауды әзірлеу жағынан әрдайым
озықсыздар. Қазақстаннан өзгелер үлгі алуы керек.
Мәжіліс
депутаттары сайлауын бақылауға 964 шетелдік аккредиттеуден өтті. 817-сі халықаралық ұйым өкілдері мен 32 мемлекеттен келген тәуелсіз байқаушылар. Бүгін
олардың қатысумен араға жарты сағаттан салып, 30-ға жуық брифинг
ұйымдастырылды. Шетелдіктерді таң-тамаша еткен жайттер жоқ емес.
Людольф
Бельданд, Норвегия консервативтік партиясының аймақтық жетекшісі:
Бір
таңқалдырғаны, сіздерде сайлауға отбасымен де келіп, дауыс береді екен.
Таңертеңнен бері 10-ға жуық сайлау учаскесінде болдым. Біздің елде қазір дауыс
беруді интернет арқылы жүргізуді қарастырып жатыр, бірақ мен оны қолдамаймын.
Ол әділетсіздікке жол ашуы мүмкін.
Әрине,
Астанадан кейінгі қырағы топ Алматы учаскелерін аралаған. Мәселен, Нидерланд
елінен келген байқаушылар Алатау баурайындағы қалада болды.
Роберт
Луддинг, халықаралық байқаушы /Нидерланд/:
Сайлауды
халық той секілді қабылдайды екен. Бұл өте жақсы. Себебі Нидерландта сайлау
түсініксіз өтіп жатады. Еуропаның басқа елдерінде де солай. Білесіздер, бүгінде
ол жақта интернетпен-ақ дауыс бере салады. Сондықтан науқанның барысын ешкім де
сезбейді.
Той
демекші, бүгінгі сайлауды барлай келген тұлғалар арасында Наурыз мейрамын
көруге ниеттілері де көп болды. Әсіресе, ресейлік байқаушылар қазақ киіз үйіне
бас сұғып, Наурыз көженін дәмін татуға асық.
Игорь
Филькевич, халықаралық байқаушы /Ресей/:
Қазақ
халқын Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Білуімше, бұл жаңарудың басы. Сондықтан
сайлаудың дәл осы кезге келуі тегін емес шығар. Елдің саясатында да жаңару
болмақ.
Ал
ертең сайлаудың қалай өткендігі жайында ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйым
миссиясының өкілдері қорытындысын жасайды.
Құралай
ПИОНЕР