Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

«Даму» қорының несиелері арзандайды

AstanaTV
18.05.2016ж. 20:00
1455
«Даму» қорының несиелері арзандайды

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры несиелерінің пайыздық үстемақысын төмендетпек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде қор басқармасының төрағасы Қаныш Түлеушин мәлімдеді. Аталған қордың екінші деңгейлі банктер арқылы беретін қаржысының пайыздық жарнасы бұған дейін 14 пайыз болса, енді ол шамамен 8,5 пайызға дейін төмендетілмек. Сондай-ақ мерзімін 5-7 жылға дейін ұзарту жоспарланып отыр. Қор экономиканың негізгі секторына осы жылы 450 миллиард теңге несие беруге ниетті. «Даму» қоры кәсіпкерлікті қаржылай қолдаумен қатар, жас бизнесмендерді оқыту ісін де қолға алып отыр.

Қаныш Түлеушин, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының басқарма төрағасы:

Университеттерде стартап академияларын ашамыз. Қазірдің өзінде бірқатар ЖОО белсенділігімен ерекшеленді. Енді олардың оқуына қаржылай көмек көрсету керек. Яғни жас кәсіпкерлер жобаларына керекті ақшаны сұрап банкке барғанда, дайын болып барады. 

«Даму» қоры биыл қаржылық демеу тетіктерін де көбейткен. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар, қызмет көрсету сынды ұзақ мерзімді кәсіппен айналысатын бизнес субъектілерінің дебиторлық қарызын өтеуге айына 2,5 пайызбен несие ұсынады.

Ғабит Лесбеков, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының басқарушы директоры:

Бірінші кәсіпкер екінші кәсіпкерге белгілі бір қызметті жасау керек. Ол жасау барысында бар ақшаны бірден төлемейді ғой, біртіндеп төлегеннен кейін, ал жасап жатқан кәсіпорын жалақы төлеуге немесе шикізат материал алуға, жұмысын бітіруге уақыт керек. Сол уақыт арасында біз факторингтік-дебиторлық қарызды екінші кәсіпкерге қарыздық несие арқылы айына 2,5 пайызбен, ол өте жақсы пайыз, тез арада өз қаражатын алып, өзінің жұмысын сапалы түрде бітіруге мүмкіндік алады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ