Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қызылорда облысында әскерге барудан жалтарғандар тізімі жергілікті БАҚ-да жарияланбақ

AstanaTV
18.05.2016ж. 20:00
2356
Қызылорда облысында әскерге барудан жалтарғандар тізімі жергілікті БАҚ-да жарияланбақ

Қызылорда облысында әскерге барудан жалтарғандар тізімі жергілікті БАҚ-да жарияланбақ. Олармен қатар ата-аналарының да аты-жөні болады. Облыс бойынша биыл жүздеген дені сау жап-жас жігіттер отан алдындағы әскери борышын өтеуге құлықсыз. Ал бұл әрекеттері үшін оларды қандай жаза күтіп тұрғанын әріптесім Шарипа Сақтапова біліп қайтты.

Бекболат Әбілов сарбаз болуға бала кезінен дайындалған. Таңертеңгілік жүгіру мен дене шынықтыру оның күнделікті әдеті. Грек-рим күресімен айналысатын жігіт әскерге бармау туралы ойдың ешқашан басына келмегенін айтады. Жастайынан шымыр болып өскен бозбала теңіз-жаяу әскерінде борышын өтемек. Бірер күнде Ақтауға аттанатын ол әзірше әскери формасын киіп көруде.

Бекболат Әбілов, әскерге шақырылушы:

Ештеңеден қорықпай, жүрексініп, еркекпін деген адам бару керек, еркектігін ақтау керек. Әскерде, ең бастысы, тәртіп болу керек.

«Отанды қорғау - иманнан» деген қағидаға берік, Қазақстан сарбазының дәрежесін көтеруге ниетті жастар аз емес. Дегенмен, әскерге барғысы келмейтінде де баршылық. Солардың бірі мына жігіт. Ол «әскерде тәртіп жоқ, әлімжеттіктің құрбаны болудан қорқамын» дегенді айтады.

Жаңадан түскен солдаттарды ұрып, соғады екен, әлімжеттік жасайды екен. Осы жағы мені қатты мазалатқаны, менің әскерге баруға құлшынысым жоқ.

Ел қорғайтын сарбазды бесіктен тәрбиелеу керек дейді 80-ді алқымдаған батыр ана Зүбайра Шаханқызы. Кейуананың 7 ұлы да Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп қайтқан. Ақжаулықты ана  бүгінде немерелерінің де әскерден аман-сау оралып жатқанын мақтанышпен жеткізді.

Зүбайра Шаханқызы, Батыр ана:

Балаларымызды ол жаққа, бұл жаққа тығып отырсақ, елімізді кім қорғайды?

Биыл көктемде 743 қызылордалық әскер қатарына шақырылған. Соның 304-і еліміздің Қарулы күштерінде әскери қызметін атқаруға аттаныпты. Ал күзден бері 606 бозбала әскерге барудан жалтарып жүр. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Әлімжан Ерниязов, Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

Әскерден жалтарғаны үшін мың айлық есепті көрсеткішке дейін айыппұл салынады, бұл екі миллион теңгеден асатын қаржы. Аурумын деп жалған анықтама жасату немесе өзге де әрекеті әшкере болса, бұл сома үш мың айлық есепті көрсеткішке дейін өседі.

Отан қорғаудан бас тартатындар әскерге шақыру учаскесіне бір апта мерзімінде өздері келсе, аталған айыппұлдың жартысын төлеп, әскерге аттанады. Полицейлер көмегімен қолға түскен азаматтарға бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы қаралған. Ал әскерге баруға құлықсыз жастар мен олардың ата-аналарының аты-жөні енді жергілікті БАҚ-да жарияланбақ. Бәлкім, жас жігіттердің осыдан соң ұяты оянып, Отан алдындағы борышын өтеуден жалтармайтын болар.

Шарипа САҚТАПОВА