$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақ елі Конституция күнін атап өтуге дайындалып жатыр

AstanaTV
29.08.2014ж. 20:00
1754
Қазақ елі Конституция күнін атап өтуге дайындалып жатыр

Қазақ елі маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі - Конституция күнін атап өтуге дайындалып жатыр. 30 тамызда елдің бас құжатының қабылданғанына 19 жыл болады. Осы уақыт аралығында Ата заңымызға екі мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Дегенмен тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған басты құжаттың негізі өзгеріссіз. Оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары. Конституция 9 тарау, 98 баптан тұрады. Ол мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. 

1995 жыл.  Жалпы халықтық референдум. Дәл осы сәтте қабылданған Ата заң елді күні бүгінге дейін бір де бір саяси дағдарысқа ұшыратпай аман алып келе жатқан шырақ десе де болады. Сол референдумда бас аяғы 30 мың астам ұсыныс  енгізіліп, Ата Заңның нұсқасы 19 рет қайта жазылған. Одан соң басты құжатқа екі мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 98 жылы Парламент депутаттарының 4 жылдық мерзімі, Сенат үшін 6, Мәжілісте 5 жылға ұзартылды. Алқа билер соты енгізіліп, оларға қылмыстық істерге қатысу құқы берілді. Және мәжіліске көп партиялық жүйе енгізілді. Одан соң 2007 жылы тағы өзгерді.

Анар Жайылғанова, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі:

Президенттік республикадан, сәл де болса, парламенттік республикаға қарай жылжуымыз. Неге десеңіз, Парламентке көптеген жаңа құзыреттер берілді. Біріншіден, Премьер-министрді тағайындар алдында Президент тек қана Парламент алдында ғана емес, бірнеше партия болса, мемлекетке соның барлығының басшыларымен кездесіп барып, мәжіліске шығару кандидатураны, облыс әкімдерін және облысқа теңестірілген қала әкімдерін мәслихаттар арқылы әкім ретінде Президенттің өз жарлығымен тағайындауы.

"Алайда Ата Заңға қайта-қайта өзгеріс енгізіп, толықтыра берудің қажеті жоқ",- дейді заңгерлер. Өйткені біздің Конституцияның өзге елдердің құжаттарымен салыстырғанда, үдемелі тұсы басым.  Оны шетелдік мамандар да мойындайды. Бремен университетінің профессоры тіпті қазақ Конституциясының Германияның басты құжатымен салыстырғанда, артық тұстары барын жасырмады. 

Рольф Книпер, Бремен университетінің профессоры, Германия:

Қазақ Конституциясы біздікімен салыстырғанда, алға жылжып барады. Сіздердегі кейбір құқықтар кеңейтілген. Мәселен, жұмыс істеу құқығы, медициналық қызмет алуға, тәрбиеге деген құқықтар кең түсіндірілген. Ол құқықтарын азаматтар сотта қорғай алады. Яғни Қазақстанның Конституциясы әлемдегі көптеген елдердің Ата заңынан көш ілгері кеткен.

Конституция күні жыл сайын мереке ретінде атап өтіледі. Ал көптеген елдерде ол күн аталмайды екен. "Осы орайда Ата заң күнін ерекше күн ретінде тойлап өтудің өзі үлгі аларлық дәстүр", - дейді Конституция күніне орай өткізілген халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан шетелдік меймандар. Жиынның құттықтау сөзін Мемлекеттік хатшы бастады.

Әділбек Жақсыбеков, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Халықтың өзі қабылдаған бұл Конституция елдің дамуына жол ашты. Елбасы Ата заң арқылы Қазақстанды мықты мемлекетке айналдырды. Елімізде бірлік пен қоғамдық татулық орнады. Экономика мен демократия дамыды. Отандастардың бойында Қазақстандық патриотизм қалыптасты. Ең бастысы - Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге танылды.

Әлемге танылып қана қоймай, алпауыт елдермен иық тіресе алатынымызды да дәлелдедік. Десе де Ата заң жемқорлықтың тамырына балта шаба алмай отыр. "Бірақ парақорлық пайызы төмендер еді, егер қоғам таза болса", - дейді Конституциялық кеңес мүшесі.

Анар Жайылғанова, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі:

Мемлекетте ақша бар. Елбасы айтады, соны беріңдер деп. Бюджет үлкен, бәріне жетеді, егер соның барлығы таза істелсе, біз болсақ әлеуметтік мәселені зейнет жасын ұзарту арқылы жасауға тырысамыз. Біз оған бармай таза істесек, сот таза істесе, біз таза істесек, қалай жазылып тұр Конституцияда, барлығына ақша жетеді.

Яғни барлығы өз қолымызда. Демек, жемқорлықтан жиренген қоғам құру идеясы да утопия емес. Өйткені Конституцияда елдің сара жолы айқындалған. Адам құқықтары белгіленген.

Айгүл ӘДЕПБАЙ