$460.43 €501.04 ₽6.65
×

Шымкентте кәріз құбыры жарылып, салдарынан екі отбасы далада қалды

08 қаңтар 2016
1061
Шымкентте кәріз құбыры жарылып, салдарынан екі отбасы далада қалды

Шымкент іргесіндегі Оңтүстік Чапаевка ауылында төтенше жағдай жарияланды. Кәріз жүйесінің бетон құбыры жарылып, екі баспана жер астына кетуі мүмкін. Тағы 30 шақты үй сол кәріз коллекторының үстінде тұрғаны белгілі болды. Қыс ортасында баспанасыз қалған отбасының жағдайы мен апаттың себебін Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған мына бейнекөріністе жердің опырылғанын анық көруге болады. Бұл көрші орналасқан екі үйдің қақ ортасындағы бос жатқан жер. Үш метр тереңдікте шайынды су ағып жатыр. Ойылған жердің үсті қазір қауіпсіздік үшін арнайы жабылған. Тұрғындардың айтуынша, бастапқыда аумағы төрт шаршы метрге жетер жетпес шұқыр, қазір тым үлкейіп барады. 

Екі-үш жыл болды білгенімізге. Оған дейін канализация деген нәрсе астында бар екенін білген емеспіз.

Нұрлан Дүйсенов үйін бүгін төртінші тәулік тек сырттай күзетіп қана жүр. Ішке кіруге тыйым салынған. Тоғыз жанға пана болған шағын баспананы отағасы 1989 жылы сатып алыпты. Бертінде оны үлкейткен. Қазір қиындыққа тап болған екі отбасының 13 жаны туыстарының үйін паналап жүр. Ал үйдің кәріз жүйесінің үстінде тұрғанын кездейсоқ білген.

Нұрлан Дүйсенов: 

Ондай ешқандай айтылған емес. Айтылған болса, білетін болсақ, бұл жерге салмас едік қой. Менен алдын келіп салған адамдар тұр мына жақта. Менікі 26 жыл болса, мына жақта 40-50 жыл тұрған адамдар бар, сол канализацияның үстінде. Мен одан кейін келдім, енді біліп жүрмін ғой. 

Мамандар ең қауіптісі екі күннен бері толассыз жауған жауыннан жер жібіп, баспаналардың іргетастары ілдебайланып тұрғанын айтады. Қазір апаттың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Қиын жағдайға тап болған обасыларға жатақханадан бөлме берілгенімен, олар тұрудан бас тартқан. Сондықтан апат себебі белгілі болғанша, екі отбасының пәтер ақысын жергілікті әкімдік мойнына алып отыр. Ал тұрғындарға өтемақы төлену-төленбеуі әзірге белгісіз. Белгілісі - тұрғын үйлер қызыл сызыққа салынған. 

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Негізгі барлық себеп азаматтардың заңды бұза отырып, осында инженерлік жүйелердің үстіне, жанына санитарлық қорғау аймақтарын бұза отырып, құрылыс жұмыстарын жүргізгеннің арқасында болып отыр бұл. Бұның өзі сәйкесінше эксплуатация жұмыстарының бәрін тоқтатқан деуге болады.

Айта кетейік, кәріз жүйесі 1964 жылы тартылған. Бетон қабаты әбден жұқарған. Апатқа себеп осы деп топшылайды мамандар. Қазір бұл аумақта тағы бір аулада шұқыр пайда болыпты. Оның да беті жабық тұр. Коллекторға жауапты серіктестік жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізе алмадық деп отыр.

Рахымжан Шамсутдинов,  «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС бас инженері:

Коллектордың дәл үстіне салынғандықтан, бұл екі үй бұзылмайынша, біз жөндеу жұмыстарын бастай алмай отырмыз. Бетон құбырлардың пайдалану мерзімі бітуге таяғандықтан, біз тексере де алмағанбыз бұл жерлерді. Салдары, міне. Ал тұрғындар енді келіп естімедік, ескертілмеді деп отыр. Үйді сатып алған күнде, қандай жерден үй алғанын тескеріп алулары тиіс емес пе.

Аталған елді мекенде жиырма төрт үй дәл коллектердың үстіне салыныпты. Бір ауданның өзінде 115 нысан санитарлық қорғау аймағына салынған,- дейді сала жауаптылары. Серіктестік қырық екі нысанды бұзу туралы сотқа арыз түсірген.  Әзірше 24 үйді бұзу туралы сот шешімі бар.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ 

orda

«Orda FM» радиосы

Бұл жақсы музыка, өзекті жаңалықтар, қызықты бағдарламалар мен еркеліктер толқыны
Онлайн тыңдау
AstanaTV жарнамасы

Телеграм-канал AstanaTV

Подпишитесь на наш телеграм-канал и будьте в курсе всех событий моментально . Участвуйте в различных розыгрышах
Соңғы жаңалықтар