$521.53 €601.01 ₽6.43
×

Кинодраматург Таласбек Әсемқұл мәңгілік сапарға аттанды

AstanaTV
29.09.2014ж. 13:00
1840
Кинодраматург Таласбек Әсемқұл мәңгілік сапарға аттанды

Қазақтың әдебиет және музыка өнерінде өзіндік орны бар тағы бір талантты тұлға мәңгілік сапарға аттанды. Жазушы, кинодраматург, әрі күйші Таласбек Әсемқұлдың Алматыда дүниеден озғаны туралы қара хабар өткен жүмада белгілі болды.

Бүгін марқұмның туыстары, әріптестері және шығармашылығын бағалайтын қауым «Қазақфильм» киностудиясындағы қаралы жиында бас қосты. Танымал тұлғалар қоштасу рәсімінде зиялы азаматтың мәдениет пен әдебиет жолында атқарған еңбектеріне баға берді. Алдағы жоспарларының жүзеге аспағанына өкініш білдірді. Таласбек Әсемқұл - қазақтың күй мұрасын зерттеуші, әрі оны орындап, таратушы. Жазушылығы да бір төбе. Ал оның соңғы жылдардағы киноөнеріне қосқан үлесі «Біржан сал» көркем фильмі арқылы жалпақ жұртқа танылған еді. Актер Досхан Жолжақсыновпен бірге драматург аталған фильмнің сценариін жазып шыққан-ды. Түсірілімі аяқталып, үлкен экранға жол тартады деп күтілген «Құнанбай» туындысында да оның өшпес қолтаңбасы қалды.

Мұрат Әуезов, қоғам қайраткері:

Оның ойшылдығын ерекше атауға болады. Ол романист те болатын. Жан-жақты еді. Сондықтан, оның орнынан басатын ұрпақ енді қашан туылатыны белгісіз. Бірақ, оның атқарған шаруасын жалпы руханиятқа сіңірген еңбегін ешкіммен салыстыруға келмейді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ