$519.64 €609.23 ₽6.62
×

Ақтауда қарттар үйінің тұрғындары зейнетақы толық берілгенін қалайды

AstanaTV
14.01.2016ж. 20:00
5060
Ақтауда қарттар үйінің тұрғындары зейнетақы толық берілгенін қалайды

Ақтаудағы қарттар үйінің тұрғындары енді зейнетақымыз қолымызға толық берілмей ме деп алаңдаулы. Жаңа жылдан бастап зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңға өзгерістер енгізілуі бұған себеп болмақ. Яғни құжатқа сай енді мемлекеттік медициналық-әлеуметтік орталықта тұратын зейнеткерлер мен мүгедектердің зейнетақысының 70 пайызы интернат үйлерінің шотына түседі. Ал қарттардың қолына тек 30 пайызы ғана беріледі. Бұл өзгеріске зейнеткерлер түбегейлі қарсы. Себебі қарттар үйінде тек аса қажетті дәрі-дәрмек қана беріледі, өзгесін қалтамыздан қаржы шығарып сатып аламыз,- дейді қариялар. 

Жазберген Молдабаев, зейнеткер:

Енді қарттар үйінде отырған адамдардың зейнетақысының 70 пайызын алу, енді одан не үнемдейді? Кімнің қарнын тойдырады? Былай енді мында барын алып жатырмыз ғой. Бірақ қайда барсаң да, автобус та, тамағың да, дәрің де қымбат!

Сағындық Рахбанов, зейнеткер:

Мынау өте дұрыс емес. Бұны әлі де біз айтамыз, жазамыз. Астанаға хат жібереміз. Бұл Үкіметтің не дегендері сонда, түсінбеймін!

Тиісті заңға сәйкес қарттар үйінде тұратын зейнеткерлер алатын зейнетақы ең төменгі мөлшердегі сомадан, яғни 25 824 теңгеден кем болмауы тиіс. Ал мүгедектердің алатыны ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен түспеуі шарт. Заң күшіне енгенімен, мәселе әлі толық шешілмеген сыңайлы.  

Күләш Қалиева, Ақтау қалалық қарттар мен мүгедектер интернат үйінің директоры:

Интернаттың шотына  түсетін қаржыны реттеуді жергілікті атқару органдары шешеді. Әзірге ережелер пысықталып жатыр. Нақты бір жүйе жасалған жоқ.