$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Балабақша жетіспеушілігі - Жолдау қамтыған түйінді мәселе

AstanaTV
17.11.2014ж. 20:00
2765
Балабақша жетіспеушілігі - Жолдау қамтыған түйінді мәселе

Павлодарлықтар «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының шапағатын көріп отыр. Облыстық білім басқармасының дерегінше, бүгінде 3 пен 6 жас аралығындағы бөбектер мектепке дейінгі тәрбиемен толықтай қамтылған. Төрт жыл ішінде аймақта 5 жаңа нысан салынып, 38 мекеме қайта қалпына келтірілді. Бұған қоса, 138 шағын орталық сәбилерге есігін айқара ашты. Білім беру басқармасы 3 жасқа дейінгі балғындарды бақшаға орналастыру жұмысын қолға алған. Балабақша мәселесінің Павлодар облысында қалай шешіліп жатқанын әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы анықтады.

Павлодар облысында 157 балабақша мен мектепке дейін тәрбие беретін 271 шағын орталық бар. Бұлардың тең жартысы мемлекеттік тілде жұмыс істеп тұр. 2010 жылы 3 пен 6 жас аралығындағы сәбилерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 54 пайызды құраған. «Балапан» бағдарламасы қолға алынған соң, бұл көрсеткіш еселене түсті.

Ғалия Жылқыбаева, Павлодар облыстық білім басқармасының бас маманы:

Демографиялық өзгерістерге байланысты балалардың саны жылдан жылға артып келеді. Және де қазіргі таңда 15 мыңнан астам бала кезекте тұр.

Мектепке дейінгі тәрбие саласына бөлінген қаржы да жыл санап артуда. Былтыр жергілікті қазынадан 110 миллионға жуық теңге бөлінген. Нәжижесінде 5 жаңа нысан ашылып, 6 шағын орталық қолданысқа берілді. Сондай-ақ, 21 балабақшаның алаңы кеңейтілген. Бір жылдың өзінде 1200 бала бақшаға барды.

Павлодардағы №29 балабақшаның балғындары осыдан төрт жыл бұрын ата-анасының қаншалықты уайым шеккенінен бейхабар. «Зеленстрой» аталатын шағын ауданда бұған дейін балабақша болмаған. Тұрғындар балаларын қаланың әр бұрышына тасып әлекке түскен еді.

Махаббат Анаева:

Зауыттың қолдауымен жаңа бақшаға қол жеткіздік. Өте қуаныштымыз. Қозғалмай тұрған кезек те бірден жылжыды. Қазір екі балам осы мекемеде тәрбиеленеді.

320 балаға шақталған мекемеде 13 топ бар. Олардың тең жартысы мемлекеттік тілде тәрбие береді. Бақшада балалардың жан-жақты дамуына толық жағдай жасалған. Компьютерлік сынып, интерактивті тақта, би, музыка залы қажет құралдармен жабдықталған.

Жанар Бейсенбекова, Павлодар қаласы №29 балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы:

Біздің топтарымыз кеңдеу, жарық, топтардың түстері де балалардың көздерін демалтады. Сондай-ақ, тек балалар үшін емес, педагогтер үшін өте пайдалы.

Балғындарды балабақшамен қамту ісі биыл да жалғасын таппақ. Бюджеттен бұл бағытқа 40 миллионнан астам теңге бөлінген. Осы жылы Қашыр және Баянауыл аудандарында екі көне ғимарат қалпына келтіріледі. Сондай-ақ, бірқатар бақшалардың алаңы кеңейтілмек.

11 қарашадағы «Нұрлы Жол - Болашаққа бастайтын жол» атты Жолдауында Президент балабақша тапшылығы мәселесіне де тоқталған болатын. Түйткілді жою үшін Үкіметке қосымша қаражат бөлуді тапсырды. Бұл ретте Елбасы аталған бағытқа жеке меншік секторды тарту керектігін қадап айтты. Павлодарда бизнес иелерінің қолдауымен ашылған үш бірдей нысан бар. Болашақта кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде салынған балабақшалар саны тағы үшеуге көбеймек.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ