Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында «құрғақ порт» құрылысы қарқынды жүріп жатыр

AstanaTV
27.11.2014ж. 20:00
2195
«Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында «құрғақ порт» құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы теңдесі жоқ жобалардың бойына жан бітірді. Соның бірі «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы. Жолдауда айтылғандай, келесі жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтауға және 3 арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдарын салуға 81 миллиард бөлінеді. Ал осы нысандардың құрылысы қаншалықты қарқынды екенін біздің тілшіміз көріп қайтты.

«Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында қазір «құрғақ порттың» құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бірінші шілдеде бастау алған ауқымды жобаның аясында жасалған жұмыс та аз емес. Ал осы төрт айдың ішінде нақты қандай жұмыс жасалғанын өз көзімізбен көру үшін, арнайы Алматы облысына келдік.

Жалпы арнайы экономикалық аймақ төрт жарым мың гектар жерді алып жатыр. Оның 550 гектарында осы күні құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Мұнда болашақта құрғақ порт, логистикалық және индустриалды аймақ бой көтереді. Жобаны іске асыруға 22 ұлттық компания жұмылдырылған. Шеті көкжиекпен теңесетін құрылыс алаңында 650-ден астам түрлі техника, бір мыңға жуық жұмысшы еңбек етуде.

Әли Қарабалин, «Қазақстан темір жолы» ҰК темір жол құрылысы жөніндегі бас менеджері:

Барлық нысандарға төселуі тиіс 10 миллион текше метр жердің осы күні сегіз жарымы төселген. Қыруар жұмыс істелуде. Күн сайын тасымалданған топырақтың көлемі 100 мың текше метрден асып жатыр. Басты мақсат - белгіленген жоспардан қалмай, сапаны қатты сақтау.

Осы күнге дейін барлық инфрақұрылым, яғни су, кәріз және электр желілерінің құрылысы аяқталған. 15 мың контейнер тұратын қойманың құрылысы қарқынды жүруде, себебі ол келесі айдың басында берілуі тиіс. Оған келіп тоғысуы тиіс темір жолдың қазір 8 шақырымы төселген. Тіпті темір жолды салу үшін техникаға - жолындағы тау-тас да кедергі болмапты.

«Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрамына кіретін маңызды нысандардың бірі - «Қорғас» халықаралық орталығы - өз қызметін бастапта кеткен. Кеден қызметіндегі соңғы техникамен жабдықталған бұл нысанның артықшылығы, құжаттардың санын азайтып, шекарадан өтуші адамдардың уақытын үнемдейді. Жыл басынан бері бұл бекеттен 600 мың адам өтіп, қазынаға 75 миллион теңге қаржы түскен.

Алтай Сақанов, Қорғас кеден бекеті, кедендік бақылау басқармасының басшысы:

Құрғақ порт жолаушы терминалы, жүк терминалы - біріңғай, бірегей үлкен жоба.  Қазақстадағы Қытаймен шекаралас ең тауар айналымы көп өтетін жер - осы «Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы. Бұл Қытайдан келетін тауарларды Орта Азия, Батыс Қытай және Батыс Еуропа дәлізі арқылы біздің Еуроодаққа транзиттік тасымалымызға әсер тигізеді.

Ауқымды жоба іске асқаннан кейін 5 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жұмыссыздық белең алған Панфилов ауданының тұрғындары үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Ал «Қорғас - Шығыс қақпасы» жобасының жетекшілері Елбасының келесі жылы «құрғақ порттың» құрылысын аяқтауға және 3 арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымдарын салуға 81 млрд теңге бөлу туралы шешімі дер кезінде қабылданған ұйғарым дейді.

Нұрлан Сақ, «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы жобасының басшысы:

Елбасы өз Жолдауында атаған соманың 37 миллиарды «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына бөлінеді. Мемлекет басшысының бұл шешімі өте қажет және уақытылы айтылды.

Ал құрылысы қарқынды жүріп жатқан «құрғақ порт» Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк алмасу қызметін келесі айдан бастамақ.

Берік ХАСЕНОВ