Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Ақтөбеде үйлері өртенгендер жаңа жылды жөнделген пәтерлерде қарсы алады

AstanaTV
24.12.2014ж. 20:00
921
Ақтөбеде үйлері өртенгендер жаңа жылды жөнделген пәтерлерде қарсы алады

Өтіп бара жатқан жылдың басында Ақтөбенің 40 тұрғынының баспаналары өртке оранып, далада қалған болатын. Өрт зардабын тартқандар туралы біз жаңалықтарымызда айтқанбыз. Тілсіз жаудың нақты неден болғанын төтенше жағдай мамандары ақыры анықтай алмады. 8 айдан кейін не өзгерді? Үйсіз қалғандар тағдырын білмекке барған аймақтағы әріптесім Мансұр Есхожин Локомотив көшесінде 12 үйде мерекеге дайындық жүріп жатқанына куә болды.

10 баланың анасы Шәмшәгүл Ахметшинаның айтуынша, олар жаңа баспанаға қыркүйекте кіріпті. Оған дейін туыстарының үйінде тұруға мәжбүр болған.

Еске салсақ, бір-біріне жапсарлас бір қабатты ескі үй наурыз басында отқа оранған еді. Абырой болғанда, адамдар аман. Ал Кеңес жылдарында уақытша үй-жай түрінде тұрғызылған баспананың тозығы жеткеннен болар, әп-сәтте күлге айналған еді. Жергілікті билік уақытша баспана ұсынып, құжаттарын қайта жасауға жәрдемдесіпті. Алайда жанып кеткен баспаналарының орнына үй салып беруге немесе пәтер беруге қауқарсыз болып шықты.

Лариса Томчук, Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:

Біздің Заңнамада бюджет қаражатынан мұндай жағдайда ақша бөлу қарастырылмаған. Сондықтан демеушілердің көмегіне жүгінуге тура келді. Жергілікті кәсіпкерлер оларға көмек көрсетті.

Қала билігінің ұсынысымен жергілікті кәсіпкерлер зардап шеккен әр отбасына 1 миллион тенгеден қаражат жинап, көмек көрсеткен. Тұрғындар бұл қаржы жаңа үйдің іргесін қалап, қабырғасын көтеруге кетті дейді. Мамырда іргетасын қалап, 4 айдың ішінде қоныс тойын жасадық дейді көп балалы ана Шәмшәгүл Ахметшина. Бірақ әлі ішкі жөндеу жұмыстары аяқталмаған.

Шәмшәгүл Ахметшина:

Қабырғасын тұрғызып, төбесін жабуға жетті. Құрылысшыларды өзіміз жалдадық. Машина, трактор бөлді. Әкелуіне, балшығына. Тазартуға орынды.

Өрттің неден болғанын тұрғындардың өзі әлі күнге дейін түсіне алар емес. Төтенше жағдай мамандары тексеріс қорытындысын жасай алмаған. Айтуларынша, баспана тұтастай жанып кеткендіктен, ілік болар дүние табылмапты.

Берік Бөбеков, Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

Жаңағы үй толығымен өртеніп кеткеніне байланысты, өрттің неден шыққанын анықтау мүмкін болған жоқ, эксперттің қорытындысы бойынша.

Бір мезетте барлық жиған-тергенінен айырылған тұрғындар болса, қыс келмей баспаналарын қайта көтеріп алғандарына дән риза. Қалған шығынның орны уақыт өте толар дейді. Енді олар ел қатарлы Жаңа жылды қарсы алудың қамына кірісті.

Мансұр ЕСҚОЖИН