$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Ақмола облысында Нұра бойындағы 8 елді мекенді су басуы мүмкін

AstanaTV
17.04.2015ж. 20:00
1597
Ақмола облысында Нұра бойындағы 8 елді мекенді су басуы мүмкін

Қарағанды облысында сел салдарынан зардап шеккен елді мекендер мен өңірдің инфрақұрылымдық шығындарын есептейтін арнайы мемлекеттік комиссия жұмысын бастады. Олар жер-жерлерде шығындарды есептеп, қалпына келтіру шараларын тез арада бастауы тиіс. Мемлекеттік бюджеттен бұл жұмыс үшін облысқа 1 млрд теңге бөлінді.

Бүгін ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті өңірде сел беті қайтқанымен, қауіптің әлі сақталатынын хабарлады. Қарағанды облысының 2 қаласы мен 9 ауданында «төтенше жағдай» тәртібі де сақталуда. Ал Нұра өзенінің Ақмола облысы бойынша аумағында әлі де су басу қаупі бар.


Алексей Советов, ҚР ІІМ Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:

«Қазселденқорғау» мемлекеттік басқармасының мәліметінше, Ақмола облысының жекелеген өзендерінде, мәселен, Нұра бойынша су көлемінің қайтадан көтерілу қаупі бар. Нұра елді мекені, Романовка, немесе Қошқарбай, Ағанас, Қосшы, Тайтөбе, Шнет, Кеңбидайық, Ұялы және Өркендеу елді мекендерін су басу қаупі бар.

Қазір облысқа еліміздің әр аймақтарынан гумманитарлық көмек жеткізіліп, зардап шеккендерге қаржылай көмекке арнайы есепшоттар ашылды. Еске салайық, 23 наурызда басталған селдің бірінші толқыны Қарағанды облысының 4 ауданын су астында қалдырды. Соңғы ақпарат бойынша, бүгінге дейін еліміз бойынша 15100 адам эвакуацияланды. Олардың екі мыңға жуығы үйлеріне оралып, 2207 адам әлі де эвакуациялау пунктерінде. Олардың құтқару орталықтарында әлі қанша болатыны белгісіз. 11 мыңнан астам адам туыстарының үйлерін паналауда. Әзірге апат шығынының есебі жоқ. Су басу аймақтарындағы азаматтардың 500-ден астам мал басы қырылғаны белгілі.

Қарағанды облысындағы тасқын ахуалы осы аптада «Біздің уақыт» хабарының басты тақырыптарының бірі. Апат ортасындағы ауылдар қандай күй кешуде? Баспанаға қайтқандар қандай қиындықтарға тап болып жатыр? Табиғат апатына ұшыраған өңірден арнайы репортаж – ертең «Астана» арнасында, 20.30-да, «Біздің уақыт» бағдарламасында. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ