Қызылордада
биыл 3 жарым мың адам жұмыссыз қалды. Бұл туралы аймақтағы жұмыспен қамту
бөлімінің мамандары хабарлады. Сондықтан жергілікті билік жұмыс жәрмеңкесінің санын
екі есеге ұлғайтқан. Әріптесім Шарипа Сақтапова аймақта қандай мамандыққа
сұраныс жоғары екенін біліп қайтты.
Жұбаныш
Мақұлбеков 30 жылдай жүк көліктерінің сан түрін жүргізіпті. Бір апта бұрын
жұмыссыз қалған ол, енді жұмыспен қамту бөліміне тіркелмекші.
Жұбаныш
Мақұлбеков, жұмыссыз:
«Евраскон» компаниясында 2011 жылдан бастап
жүргізуші болып жұмыс істедім. Ол жақта «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолын
салдық, жұмыс енді қысқартылды, жұмыстың мөлшері азайғаннан кейін. Еңбекпен
қамту орталығына тіркелуге келіп тұрмын.
Жұбаныш
жұмыссыз көп уақыт жүре қоймас. Өйткені өңірде жүк көлік жүргізушілері
сұранысқа ие. Нарыққа тағы дәрігерлер,
мұғалімдер, тәрбиешілер, инженер, құрылысшы, дәнекерлеушілер де қажет. Өткен
жылы облыс бойынша бос жұмыс орнындарына 85 жәрмеңке өтіп, онда 3,5 мың азамат
тұрақты жұмыспен қамтылған. Бірақ биыл тағы сонша қала тұрғыны жұмыссыз болып
тіркелген.
Манат
Тілеуова, Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі
басшысының орынбасары:
511
қоғамдық жұмысқа жолдадық, сонымен қатар қала бойынша мекемелерден 182 бос
жұмыс орындарына сұраныс түсіп отыр. Оның ішінде бүгін келген азаматтардың
ішінен 146 адамды тұрақты жұмысқа жолдадық.
Қалауы
бойынша жұмыссыздар қайта даярлау қурстарынан өтіп, балабақша тәрбиешісі,
хатшы-референт, дәнекерлеуші, аспазшы, бухгалтер, тіпті массажист мамандығын
игеріп алуына мүмкіндіктері бар. Өткен жылы екі жүзден астам қала тұрғыны жаңа
мамандық игеріп, жұмысқа орналасқан. Оқу орталығында тәжірибелік сабақтарға
арнайы алаңдар қарастырылған. Мысалы, аспазшылар дәрістерін асханадан өтсе,
массажистерге бөлек бөлмелер берілді.
Жандос
Тұсмағамбетов, «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығының директоры:
Оқудың
барлығы дуальды оқу жүйесі бойынша ұйымдастырылды. Яғни теория пен практиканы
өндірісте пайдалана отырып ұйымдастырдық. Сонымен қатар білікті, жоғары
санаттағы мамандық иелері дәріс берді.
Ақпан
айынан бастап 450 адам қайта даярлау курстарынан өтеді. Жергілікті билік
жұмыссыздық пен қысқартуларға қарсы күресті күшейтпек. Мысалы, қысқартуды
болдырмаудың бір жолы - толық емес жұмыс күніне көшу. Жыл басынан бері
облыстағы бес ірі компания осы жұмыс тәртібіне 383 қызметкерін ауыстырған.
Шарипа
САҚТАПОВА