$498.51 €522.84 ₽4.81
×

«Барыс» Магнитогорск қаласының «Металлург» клубынан жеңілді

AstanaTV
13.01.2015ж. 20:00
1452
«Барыс» Магнитогорск қаласының «Металлург» клубынан жеңілді

Құрлықтық хоккей лигасының кезекті тур ойындары болып өтті. Бұған дейін қатарынан үш ойында үздік шыққан елордалық «Барыс» командасы бұл жолы Магнитогорск қаласының «Металлург» клубына жол берді. Самат Қанағатов толықтырады.

Бұған дейін «Барыс» командасының жеңісіне сүбелі үлес қосқан қақпашы Павел Полуэктов бұл ойында сылбыр қимылдады. Кездесу басында ол Ринат Ибрагимовтың соққысын қайтара алмады. Қақпашының осал тұсын тапқан «Металлург» хоккейшілері небәрі үш минуттың ішінде есепті 3-0-ге жеткізді. Бұл сәттерде Оскар Осала мен Денис Платонов мергендігімен танылды. Бұл сәтсіздігінен кейін Павел Полуэктов өз орнын командаласы Дмитрий Мальгинге қалдыруға мәжбүр болды. Қақпаларына үш шайба жіберіп алғанына қарамастан, айдын иелері есепті теңестіру үшін барын салды. Екінші кезеңде жолы болмаған Андрей Назаровтың шәкірттері кездесудің аяқталуына 5 минут қалағанда есепті бір шайбаға дейін қысқартты. Шеберлігімен көзге түскен Найджел Доус пен Роман Старченко жанкүйерлер қошеметіне бөленді.

Дегенмен, қалған уақытта қорғанысы сыр бермеген «Металлург» командасы жеңіс есебін ұстап қалып, Астанадан үш ұпайды олжалап кетті.



Швейцарияның Цюрих қаласында Халықаралық футбол федерациясының номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. Жыл сайын өтетін кеш барысында алдымен 2014 жылдың үздік құрамасы анықталды. Бұл сында өткен жылы жасындай жарқыраған футболшылар көпшілік қошеметіне ие болды. Артынан командасымен елеулі жетістікке қол жеткізген бапкер анықталды. Бұл бәсекеде Германия құрамасымен әлем чемпионы атанған Йоахим Лев топ жарды. Келесі номинацияда әйелдер командасының арасынан үздік футболшы анықталды. Дауыс беру кезінде негізгі қарсыластары бразилиялық Марта мен АҚШ құрамасының шабуылшысы Эмби Вамбахтың алдын орап кеткен «Вольфсбург» командасының жартылай қорғаушысы Надин Кесслер жеңімпаз деп танылды. 

Ал ерлер арасынан «Алтын доп» үшін Криштиану Роналду, Лионель Месси және қақпашы Мануэль Нойер талас жүргізді. Дауыс беру кезінде қарсыластарынан оқ бойы озып шыққан Португалия құрамасының шабуылшысы екінші жыл қатарынан бұл номинацияда үздік деп танылды.

Бұл «Реал» шабуылшысының спорттық карьерасындағы үшінші «Алтын добы». Оның алдында 4 мәрте жеңімпаз атанған Лионель Месси тұр. 

Самат ҚАНАҒАТОВ