Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Ақтөбеде балабақша орналасады деп жоспарланған ғимарат екі жылдан бері бос тұр

AstanaTV
15.01.2015ж. 20:00
1258
Ақтөбеде балабақша орналасады деп жоспарланған ғимарат екі жылдан бері бос тұр

Ақтөбеде балабақша орналасады деп жоспарланған ғимарат екі жылдан бері бос тұр.  Бұған дейін «Үміт» балалар үйінің қарамағында болған 3 қабатты нысан қалалық білім бөліміне қайтарылған еді. Алайда күн өткен сайын ғимараттың есік-терезелері қирап, ұсқыны кетіп жатыр. Шаһарда мектепке дейінгі мекеме тапшылығы өзекті күйінде тұр. Осыны алға тартқан тұрғындар балабақша ғимаратының қаңырап бос тұрғанына наразы.

Жергілікті тұрғындар: «Қараңғы уақытта бұрынғы «Үміт» сәбилер үйінің ауласын айналып өтуге тырысамыз», - дейді. Есік-терезесі қирап тұрған ғимаратта қаңғыбас иттер мен күдікті азаматтар жиі жиналатын көрінеді.

Тұрғындар, нысанның 90-шы жылдарға дейін 320 бөбекке арналған балабақша болғанын айтады. Тоқырау жылдарында бос қалып, артынша «Үміт» бөбектер үйіне қосымша мекен ретінде берілген. Алайда ата-ана қарауынсыз қалған бүлдіршіндер осыдан екі жылдай бұрын өзге ғимаратқа көшіп кеткен.

Петр Титов, Ақтөбе қаласы тұрғыны:

Қаңырап, бос тұрғанына қарным ашады. Бұрын айнала таза болатын. Қазір күл-қоқыс алаңына айналған. Нашақорлардың да мекені болды. Итіммен серуенге шыққанда көрдім, ине мен шприц әр жерде шашылып жатады.

Азамат Бисембаев, Ақтөбе қаласы тұрғыны:

Мына ғимараттың бұлай қирап тұрғаны ұнамайды. Мен өзім бала күнімде осы балабақшаға барған едім. Сондықтан түрлі ойын-сауық орнына айналдырмай қайтадан балабақша ашылғанын қалаймын.

Қалалық білім бөлімі мамандары, алаңдауға негіз жоқ, деп отыр. Олар бұл жерден балабақша ашамыз деп сендірді. Ғимаратты жөндеу жұмыстарына қажетті жобалық сметалық құжат даяр екенін алға тартты.

Роза Тастанбаева, Ақтөбе қалалық білім бөлімі жетекшісінің орынбасары:

2015 жылы жобалық-сметалық құжаттамасын даярлауға жергілікті бюджеттен 2 млн 400 мың теңге бөлінді. Балабақша ретінде қайта жөнделетін болады. Жақын күндері тендер жариялаймыз.

Ақтөбе қалалық білім бөлімінің дерегінше, соңғы 3 жылда, үкімет тапсырмасымен бұрынғы балабақша ғимараттарының бірнешеуі қайтарылған. Олардың бірінде балабақша ашылды. Екіншісінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Үшіншісінің тағдыры мынау. Аймақта сәби саны артқандықтан, мектепке дейінгі мекемеге сұраныс жоғары. Қала бойынша қазір 27 мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.

Мансұр ЕСҚОЖИН