Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс Австралия ашық чемпионатының екінші кезеңіне жолдама алды

AstanaTV
19.01.2015ж. 20:00
1212
Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс Австралия ашық чемпионатының екінші кезеңіне жолдама алды

Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс Австралия ашық чемпионатының екінші кезеңіне жолдама алды. Алғашқы ойында еліміздің бірінші ракеткасы Польша спортшысы Урсула Радвансканы екі сетте айналып өтті. Спорт жаңалықтарын Самат Қанағатов жалғастырады.



«Астана» баскетбол командасы өз алаңында сүрінді. Ресейдің біртұтас лигасында сынға түсіп жатқан Александр Трифуновичтің шәкірттері бұл сында Санкт-Петербор қаласының «Зенит» клубына жол беріп қойды. Кездесу басынан тура соққылармен ерекшеленіп, қорғаныста қателікке бой алдырмаған қонақтар үлкен үзіліске 43-38 есебімен кетті.

Ойынның екінші жартысын ширақ бастаған астаналық баскетболшылар есепті қысқартты. Дегенмен, керек кезде тез жиналған ресейлік клуб кездесудің соңғы минуттарын сауатты өткізіп, алаң иелерінің алдын орап кетті. Қорытынды есеп 76-92 «Зенит» клубының пайдасына. Келесі кездесуін «Астана» командасы енді Красноярск қаласының «Енисей» баскетболшыларына қарсы өткізеді.



Футболдан Азия кубогы жолындағы жарыс жалғасуда. «В» тобында сынға түсіп жатқан Өзбекстан құрамасы үш ұпайды олжалады. Бұл сында Мирджолол Қасымовтың шәкірттері Сауд Арабия командасын жеңді. Бұл ойындағы алғашқы голды Өзбекстани құрамасы бірінші таймның 2-ші минутында соқты. Голдың авторы - Сардор Рашидов. Үзілістен кейін қорғаушы Виталий Денисов өз айып алаңында тәртіп бұзді. Бұл сәтті көзден таса жібермеген бас қазы пенальти тағайындады. 11 метрлікті сәтті орындаған Аль Салау мүлт кетпеді.

Қарымта шабуылға шыққан Мирджолол Қасымовтың шәкірттері ұрымтал сәттің бірінде есепті еселеді. Бұл жолы мергендігімен танылған Вохид Шодев командаластарының қошеметіне бөленді.

Қалған уақыта да ширақ қимылдаған Өзбекстан құрамасы Сауд Арабия командасының қақпасына үшінші голды соқты. Бұл сәттен шеберлігімен көзге түскен Сардор Рашидов есепті қорытындылады. 

Самат ҚАНАҒАТОВ