Ел
аумағында сайлаушылар тізімі жасақталып, оларға түзетулер енгізу жұмыстары
басталды. Қазіргі таңда облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің аппарат
қызметкерлері сайлаушылар тізімін анықтап жатыр. Сайлауға 20 күн қалғанда, ол
учаскелерге жолданбақ. Сайлау комиссиясы тұрғындарға өзі туралы деректерді
негізгі тізімнен алдын ала тексеріп алуға кеңес береді.
Өскемендік Галина Нумалова - өткен
сайлауда өзін, сайлаушылар тізімнен таба алмағандардың бірі. Науқан алдында
комиссия өкілдері бірнеше мәрте телефонға хабарласып, дауыс
беретін отбасы мүшелерін түгендеп шыққанын айтады. Алайда, сайлау күні тізімнен
өз отбасын таба алмаған.
Галина
Нумалова, Өскемен қаласының тұрғыны:
Коммуналдық
қызметтердің электрондық базасында біздің аты-жөніміз, жалпы біз туралы толық
мағлұматтар бар. Ал сайлау кезінде үнемі тізімде жоқ болып шығамыз. Сосын
қосымша тізім бойынша дауыс беруге тура келеді.
Жергілікті
орталық сайлау комиссиясы өкілдері, тізімнің үнемі жаңартылып отыратынын
айтады. Мұндай олқылықтар компьютерлік базаның істен шығуынан болуы мүмкін,
дейді. Сондықтан алдын ала тізімнен өзін тексеріп алуға кеңес береді.
Александр
Рукин, ШҚО аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
Тізімді
бекіту кезінде әкімдіктегі учаскелік комиссия мүшелері мұқият жұмыс істеуі
тиіс. Сайлаушыларды түгел негізгі тізімге енгізу соларға байланысты. Ал тұрғындар сайлауға 20 күн қалған сәттен
бастап, учаскелерге барып өздерін
тексере алады. Егер тізімнен табылмаған жағдайда, жеке куәлігін көрсетіп негізгі
тізімге қосылады.
Қостанайда
да сайлаушылардың нақты тізімі жасалып жатыр. Оны қалалық әкімдіктің
ұйымдастыру бөлімі қолға алыпты. Қазір бөлім қызметкерлері халыққа қызмет
көрсету орталығындағы мәлімет бойынша жұмыс атқаруда. Яғни тұрғындардың
тіркелген мекен-жайын, тұрғылықты жерін анықтап, электрондық базаға түзетулер
енгізіліп жатқанын айтты.
Самат
Жанділдин, Қостанай қаласы әкімінің бас инспекторы:
Түзетулер
енгізіліп жатқан барлық сайлаушылар тізімі күнтізбелік жоспарға сәйкес дауыс
беруге 20 күн қалған кезде сайлау
учаскелеріне акт бойынша тапсырылады. Сол уақыттан бастап тұрғындар учаскелері
бойынша өздері туралы мағлұматтың дұрыс немесе бұрыс екендігін тексеруге
мүмкіндік алады.
Вахталық
жұмыс тәртібі басым аймақтарда қосымша учаскелер ашылады. Қазіргі таңда
Маңғыстау облысындағы 5 вахталық кентте осындай учаскелер ашылды. Наурыздың 20
күні мұнайлы өлкеде 7 мыңнан астам мұнайшы дауыс береді деп күтілуде.
Есен
Күмісқали, Маңғыстау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
Басқа
жерде дауыс беру үшін, әуелі ол адам атқарушы органға жүгініп, тұрғылықты
мекен-жайы бойынша тізімнен шығаруын өтіну керек. Қолында талоны болса,
кез-келген сайлау учаскесіне барып дауыс бере алады. Мәселен вахтадағы
жұмыскерлер Қаламқас кентіндегі учаскіге тіркеліп, өзінің қалаған партиясын
таңдай береді.
Басқа
аймақтардан келген мұнайшылар, сайлау күні сапарда болған адамдар тұрғылықты
мекен-жайы бойынша есептен шығару талонын алуы тиіс. Мұндай қағазы бар
кез-келген сайлаушы, арнайы парақшамен жақын сайлау учаскесіне барып дауыс
беруге құқылы.
Заңғар САНАЙ