$515.25 €535.91 ₽5.18
×

«Қазагро» құрамына кіретін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» жойылады

AstanaTV
28.01.2016ж. 20:00
1762
«Қазагро» құрамына кіретін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» жойылады

«Қазагроның» құрамына кіретін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» жойылады. Ал Қазақстанда агроөнеркәсіп субъектілері мен оларды қаржыландыратын ұйымдардың қорын белгілейтін жаңа орталық құрылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлімдеді. «Қазагро» ұлттық басқарушы холдингінің трансформациясы аясында алып холдингтің төрт еншілес компаниясының бірі жойылып, қалғаны бірігетін болады. Сөйтіп ол министрліктің басқаруына өтпек.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Мемлекеттік қордың 500 мың тонна бидайын ұстап отырған «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» сынды алып компанияның қызметі енді қажетсіз. 24 жылда қордың бір тонна бидайы да қолданылған жоқ. Ал мемлекет оны сақтау, тасымалдау, жаңарту мен корпорацияны ұстап тұру шығындарын өтеп келді. «Қазагроның» трансформациясы аясында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы, Қазагроқаржы, Қазагро азық-түлік, Қазагромаркетинг сынды операторлар мемлекет басқаруынан шығады. Кейбірі бірігіп Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өтеді. Осылайша, агроөнеркәсіп субъектілері мен оларды қаржыландыратын  ұйымдарға қор үлестіретін ұйым жасақтаймыз.

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелеріне арналған жиында Сенат депутаттары тарапынан министрліктің субсидиялау саясатына қатысты да сын айтылды. Сенатор Қуаныш Айтаханов егіннің әрбір гектарына берілетін қаржылай көмекті арзан несиеге алмастыруды ұсынды. Бірақ министрдің бұған қатысты уәжі басқа.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Арзан несиені біз ешқашан бюджет тарапынан немесе бюджеттік, мемлекет құрған қаржы ұйымынан шеше алмаймыз. Тек қана өсімдік саласына қажетті айналмалы капиталға жылдағы шығыс 1 трлн теңгеден асады. 1 трлн теңге қазір ешқайда жоқ бізде. Жылдық ЕНПФ-ке түсетін табыс 1 трлн теңгеден аз. Ол барлық зейнеткерлік қордың ақшасын құйсақ та, ол жетпейді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ