Қазақстандық жүргізуші куәлігі шет мемлекеттерде жарамсыз деген ақпарат
шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі әкімшілік полициясының
Алматыдағы өкілдігі мәлімдеді. Жаңа
жылдан бастап «Халықаралық жүргізушілер қауымдастығы» деп аталатын ұйым
қазақстандық жүргізу куәлігінің кейбір шет елдерде жарамсыз екенін хабарлап,
өздігінше жүргізу куәліктерін тарата бастаған. Әсіресе елден тысқары шығып,
саяхаттайтын отандастарымызға мұндай хабар жай түскендей әсер еткен болатын.
Алғашқы ақпарат халықаралық жүргізушілер қауымдастығы
деп аталатын ұйымның жеке сайтында пайда болды. Одан кейін бірнеше ресми
ақпараттық порталдарда халықаралық жүргізушілер куәлігі туралы мақалалар
басылып шықты. Ақпараттық лездемеге тереңірек үңілсеңіз, енді Қазақстанда
берілетін жүргізушілер куәлігі шет мемлекеттерде жарамсыз дегенді ұғынасыз.
Ерлан Ибраев, Халықаралық жүргізушілер қауымдастығының бас маманы:
Біріккен ұлттар ұйымының конвенциясын негізге
ала отырып, халықаралық жүргізушілер куәлігін беруді қолға алдық. Біріккен Араб
әмірлігі немесе Тайландқа саяхаттап барсаңыз, жалға көлік алу қиындайды.
Туристер да қазақстандық жүргізу куәлігінің жарамсыздығын айтып шағымдар түсіре
бастады. Сондықтан біз осындай құжатты Біріккен ұлттар ұйымының жарғысына
сәйкес қалаған азаматтарға жасап беріп жатырмыз.
Қауымдастық он күнде 30-дан астам
туристке халықаралық жүргізу куәлігін беріп үлгерген. «Хабарласып, су жаңа
куәлік алуға асыққандар жетерлік»,- дейді компания өкілдері. Оның құны шамамен 25
мың теңгеге бағаланған.
Дмитрий
Петрухин, Байкер:
Мен шын мәнінде осы
қиындыққа тап болдым. Қытай арқылы өткенде біздің елдің жүргізуші куәлігін
мойындамай қойды. Олар тіпті маған емтихан тапсырып, өз куәліктерін алуды
ұсынды. Сол сияқты Еуропа мен Араб елдерінде де халықаралық жүргізу куәлігін
сұрағанын растап беремін.
Алайда, жүргізу куәлігін беруге өкілетті Ішкі істер
министрлігі әкімшілік полициясы жоғарыдағы мекеменің әрекетін заңсыз деп
есептейді. Халықаралық жүргізу куәлігін беру «үй ішінен үй тіккенмен пара-пар»,- дейді полиция өкілдері. Қазақстанда
2006 жылы жаңа үлгіде беріле бастаған
жүргізу куәлігі, Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясына сәйкестендірілген.
Нұрлан Аманбек, Алматы қаласы ӘПБ емтихан алу, тіпкеу бөлімі басшысының орынбасары:
Қазақстанда заңға сәйкес жүргізу
куәлігін беретін жалғыз орган ол - Ішкі
істер министрлігі. Сол құзырлы орган берген куәлік қана жарамды.
Ішкі істер органдарының мәліметінше,
Қазақстандық үлгідегі жүргізу куәлігінің шетелдерде жарамсыздығын айтып, шағымданған
деректер кездеспеген.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ