Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Алматыда экономикалық саммит өтті

AstanaTV
04.03.2015ж. 20:00
1837
Алматыда экономикалық саммит өтті

Долларға тосқауыл қою экономика үшін қауіпті болуы мүмкін. Долларсыздандыру саясатын баппен жүргізу арқылы ғана экономиканың оған тәуелділігін қамтамасыз етуге болады. Яғни сатылай жүргізілген, сауатты шешімдер керек.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен экономикалық саммит барысында "Халық банкінің" төрайымы Үміт Шаяхметова айтты. "Дәл бүгінгі күні теңгенің АҚШ валютасына қарағанда тапшылығы басым. Десе де осы уақытқа дейін ел экономикасы шетелдік валютаның ықпалында болып келді. Ендеше одан бірден бас тартып, теңгенің үстемдігін алдыға шығару мүмкін емес", - дейді қаржылық институттың басшысы.

Үміт Шаяхметова, «Қазақстан халық банкі» АҚ басқарма төрайымы:

Меніңше, долларға тікелей шектеу қою әдісі ең қолайсыз шешім болар еді. Барлық жетістікке сатылай жету қажет. Қаржылық - несиелік саясатты жүргізуде құрылымдық реформалардың жақтаушысымын. Сондықтан қайғыруға себеп жоқ. Геосаяси және әлемдік аренада қалыптасып отырған жағдайды есепке алып, дағдарыстан шығуға болады. Меніңше, бұған халық та, кәсіпкерлер де, үкімет те дайын отыр.

Бүгінгі саммитте экономикаға қатысты өзге де тақырыптар сарапшылар талқысынан өтті. Кәсіпкерлердің күн көрісі, зейнетақы жүйесін реформалау, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Қазақстанның болашағы мен салық жүйесіндегі жаңашылдықтар - әңгіменің өзегіне айналды. Қаржыгерлер мен сарапшылар күннің екінші жартысында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің салықтық ерекшеліктері туралы жарыссөзге қатысты. Мамандар Қазақстандағы салықтық реформа қазір көш ілгері екенін деректермен дәлелдеуге тырысты. 

Жаннат Ертілесова, ҚР салық төлеушілер қауымдастығының төрайымы:

Біз одаққа кіретін елдермен салықтық саясат пен салықтық әкімшілік жүйені бір ізге түсіруді дұрыс деп санамаймыз. Себебі Қазақстанда салықтық реформалар әлдеқайда жақсы дамыған. Бізде қанша дегенмен салық ісінде жариялық бар және әкімшілік жүйе мен жаңа технологияларды қолдану мүмкіндігінше дамып келеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ