Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Жас отандықтар соғыс ардагерлерін Жеңістің 70 жылдығымен құттықтап жүр

AstanaTV
18.03.2015ж. 20:00
1547
Жас отандықтар соғыс ардагерлерін Жеңістің 70 жылдығымен құттықтап жүр

«Ешкім ұмытылмас, ешкім ұмытылмайды». Бүгін жас отандықтар жер-жерде Жеңістің 70 жылдығына орай мекен-жайда құттықтау шарасын бастады. Бұл шара «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында қолға алынған. Жастығын майданда өткізген қариялар бүгін кез-келген қолдауға зәру. «Отан үшін от кешкендерді» әріптесім Еркін Карин де құттықтап қайтты.

Рафхат қария орден-медалі сыңғырлаған әскери формасын шығарып, киіп алды. Ол өзін іздеп келе жатқан жастарды күтіп алуға дайындалуда. «Майдандағы күндер арада қанша жыл өтсе де, санада сайрап тұр», - деп күрсінді ардагер. Қарт жауынгер: «Бастан өткен қиын күндерді жалықпай кез-келген адамға айтуға дайынмын. Өйткені бүгінгі жастар шүкірлік етсе, деймін», - дейді. Соғыс біткені туралы алғаш хабар жеткен күнді былайша сипаттады.

Рафхат Ғалимуллин, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Берлинге жетпей тұрып, біздің корпус кідіріс жасады. Содан таңертең тұрсақ, айқай-шу, өлең айтып жатыр. Содан не болды десек: «Соғыс бітті, война закончилась!». 

«Жас Отанның» дерегінше, қазір Орал қаласының өзінде 180 соғыс ардагері бар. Белсенді жастар Жеңістің 70 жылдығына орай қариялардың әлеуметтік базасын жасапты. 

Ислам Әміров, «Жас Отан» ЖҚ» БҚО филиалының менеджері:

Жас отандықтар әр ардагердің үйіне барып, олардың әлеуметтік базасын жасақтады. Мұнда, ардагерлер қалай тұрады, кіммен тұрады, денсаулық жағдайлары - барлығы жазылған. Партиялық жобаның аясында қарттарға түрлі көмектер көрсетіледі.

Дәл осындай игі шара Астанада да бастау алды. «Жас Отан» ЖҚ Астана филиалы ардагерлерге 50 әлеуметтік дорба дайындап, табыстауда. Сондай сый құрмет майдангер Владимир қарияға да жетті.

Владимир Кальсин,  Ұлы Отан соғысының ардагері:

Немерелеріңмен, жаңа толқынмен кездесу - біз үшін үлкен қуаныш. Сендерге жұмыс істеу керек. Жаңа Қазақстанды биікке шығару - сендердің мойындарыңа жүк.  Біздің сенімізді ақтайсыңдар деп сенеміз.

Мұндай бастама Жеңістің 70 жылдығына орай жер-жерде өтуде. Еріктілер «Арагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қарттарға көмек көрсетуден жалыққан емес. Қилы заманда майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің көрсеткен ерен еңбегі, ерік-жігері ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Еркін КАРИН