$519.64 €609.23 ₽6.62
×

Қызылжарда еріген қардың кесірінен жер үйдің қабырғасы опырылып түсті

AstanaTV
14.04.2015ж. 10:00
1526
Қызылжарда еріген қардың кесірінен жер үйдің қабырғасы опырылып түсті

Қызылжарда жер үйдің қабырғасы опырылды. Абырой болғанда, отбасы аман. Есесіне үйдің іші азынап тұр.

Гүлшат Қаппасова:

Міне, мынаны көріп тұрсыздар ғой: шәй ішіп отырғанда, мынау бәрі былай құлады, бәрі құлады, құдай сақтасын, біз еще аман қалдық.

Оқыс оқиға таңға жуық болған. Қазір үйдің іші суып кеткен. Сондықтан Қаппасовтар отбасына басқа пәтер жалдауға тура келді. Баспананы қараусыз қалдыруға болмайтынын түсінген отағасы мен отанасы қабырғасы жоқ үйдің бір бұрышына қарауылдап отыр. Строй материалдарды бізге әкеп берсе, соны өзіміз де істейміз. Менде қазір былайша айтқанда ақша да жоқ соған. Менің жиырма тоғыз мың пенсиям кімге-неменеге жетеді? Қазір екеуіміз үйде. Жолдасым екеуіміз мына есікті жауып тастап, пештің қасында былай отырамыз екеуіміз. Түнде бірдеңе сытыр етіп түссе болды, құлап жатқан шығар деп, уже былай жылы киімімізді дайындап, далаға қашатындай боп дайын отырмыз уже.

Үй иелері бұл жағдай бұған дейін де болғанын айтады. «2010-шы жылы үйдің оң жаң бетіндегі қабырғасы қақ айырылыпты. Ол кезде жөндеу жұмыстарын бастан-аяқ өз қаражатымызға істедік. Ал бұл жолы қабырғаны жамауға қаржылық қысылтаяң кедергі келтіріп тұр», -деп қынжылады отағасы.

Темірғали Қаппасов:

5 жыл бұрын үйдің іргетасын жаңадан өзім құйдым. Кейін жаңғырту жұмыстарын жалғастырамын ба деп едім, ақша таусылып қалды. Жұмыс та жоқ. Үйдің маңайындағы қарды әрдайым тазалап отырдым. Бірақ, көмектеспеген көрінеді. Бәрібір судың кесірінен қабырға құлады. Әрмен қарай опырылмас үшін ағаш тіректерді орнатып қойдым. Біреу материал әкеп берсе, бәрін өзім-ақ тындырар едім.

Шенеуніктер бұл жолы тұрғындарға қол ұшын созуға уәде берді. Төтенше жағдай басқармасымен бірлесіп арнайы комиссия құрған қалалық әкімдік үйдің жағдайын саралап, қаржылай көмек көрсетпек.

Константин Голубев, Петропавл қаласы ТКШ Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы:

Үйдің жағдайын бағаладық. Қабырғаның еріген қардың кесірінен құлағаны расталды. Қазір арнайы акт әзірелейміз. Бір-екі күннен кейін үй иесіне жөндеу жұмыстары үшін 119 мың теңге беріледі.

Темірғали Қаппасов енді бағалау компаниясының мамандарын шақыртып, үйдің апаттық жағдайда тұрғанын дәлелдеуді жоспарлап отыр. Сосын пәтер кезегіне де тұрмақ.

Абзал ҚҰРМАНКИН