Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қызылжарда Орман шағын ауданының жұрты жылу жүйесіне қосыла алмай әуре

AstanaTV
13.07.2017ж. 20:00
2539
Қызылжарда Орман шағын ауданының жұрты жылу жүйесіне қосыла алмай әуре

Қызылжарда Орман шағын ауданынан тағы шу шықты. Осыған дейін жарық пен сусыз отырған әлеуметтің жайын көрсеткен едік. Бұл жолы қала тұрғындары жылу мәселесіне қатысты мұңдарын жайып салды. 2007 жылы  құрылған шағын ауданда билік өкілдері балабақша тұрғызып жатыр. Қысты күні үйлерін пешпен жылытатын жұрт бұл мекемеге тартылатын жылу жүйесіне қосылуға үміттенген. Алайда, шенеуніктер табан астынан магистральге байланысты өз шешімдерін өзгертіп жіберді.

Орман ауданының жыры әлі де бітпей келеді. Шағын ауданның құрылғанына 10 жыл болды. Алайда, бұқара электр жарығы мен ауыз суға тек былтыр ғана қол жеткізген. Тұрғындар биыл үйлеріне жылу жүйесін өткізуді көздеген болатын. Алайда, әкімдіктегілер бұқараның бетін қайтарып жіберген көрінеді.

Жыл басында ауданда балабақша құрылысы басталған. Жұмыстар ортан белінен ауып, жуық арада коммуналдық жүйелер тартылмақ. Ормандықтардың айтуынша, шенеуніктер бастапқыда диаметрі 325 мм болатын жылу құбырын орнатуды жоспарлаған. Үйлердің болашақта магистральге қосылуына рұқсат та берілген. Дегенмен, кейінірек бұл шешім өзгеріп кетеді.

Берік Жәмішев, Орман шағын ауданының тұрғыны:

Жылу құбырына қосылу үшін мамырдың оны күні әкімге өтініш білдірдік. Бізге қағаз жүзінде рұқсат берді. Сосын бұл құбырдың диаметрі 89 мм-ге дейін кішірейгені белгілі болды. Әкімдік мұны екінші хатында растады. Демек, құбырдың қауқары тек балабақшаға жетеді. Ал айналадағы үйлер қалып қойды.

Тығырықтан шығудың жолы ретінде әкімдік жылу құбырын шалғай орналасқан бір көшеден тартуды ұсынған, дейді бұқара. Алайда, мұндай шығынды көтере алмайтындарын айтады.

Айман Сәрсекеева, Орман шағын ауданының тұрғыны:

325 миллиметрлік құбырдың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Тіпті сараптамадан өткен. Енді олар жаңа құбырға құжат дайындамақ. Бұл бюджет қаражатын ысырап ету ғой. Егер біз балабақша магистраліне қосылсақ, әр үйден 1,5 миллион теңгеден кетеді. Ал құбырды өзге көшеден тартсақ, онда шамамен 6 миллион теңгеден шығаруымыз  керек. Оған жағдайымыз жоқ.

Ал "Нұрлы жол" көшесінің тұрғындары әлі де кәдімгі орманда тұрып жатқандай. Айналадағы 50 үйдің тең жартысында, әлі күнге дейін жарық жоқ. Бұқара дизельдік генератормен күн көріп отыр.

Алма Серікбаева, Орман шағын ауданының тұрғыны:

Қуат жетпейді, дейді жергілік билік. Жолдасымның сол жұмыспен шұғылданғанына 2-3 жыл болып қалды. Бірақ ешқандай нәтиже болмай тұр. Қазір біз генератормен өмір сүріп жатырмыз. Аптасына елу литрдей кетеді.

Атқамінерлердің сөзінше, бастапқыда жуан құбыр тарту тіралы тек ауызша түрде жоспарланған. Ал кейінірек Орманның қасынан өтетін негізгі магистральдің қауқары үйлерге жетпейтіні белгілі болған. Сондықтан жобалық-сметалық құжат тек 89 мм құбырға жасалған екен.

Серік Сабыралин, Петропавл қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы:

Қазір біздің негізгі мақсатымыз - балабақшаны жылумен қамту. Ол үшін 89 миллиметрлі құбырға құжат жасалды. Бірнеше ауданды жылумен қамтамасыз етіп отырған 15-ші жылу магистралі 800 мм-ден, 1000 мм-ге дейін кеңейтілгесін, Орманға жылу беріледі.

Абзал Құрманкин, тілші:

15-магистральдің жобалық-сметалық құжаттамасы биыл әзірленбек. Кейін нысан жаңғыртылып, Ормандағы үйлерге жаңа жылу жүйесі тартылмақ. Билік өкілдері шағын электр станцияларының қуаттылығын арттыруды да жоспарлап отыр. Ал жылуға қосылу мүмкіндігінен қағылған жұрт енді қайтадан отын қорымен қамдана бастады.

А.ҚҰРМАНКИН