Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Алматы облысындағы жүзден асқан қарияға жергілікті билік құжат жасап бере алмай отыр

AstanaTV
02.10.2018ж. 20:00
3057
Алматы облысындағы жүзден асқан қарияға жергілікті билік құжат жасап бере алмай отыр

Алматы облысындағы жүзден асқан қарияға жергілікті билік құжат жасап бере алмай отыр. Олар 3 ай бұрын мәселені шешуге уәде берген еді. Алайда, қарияның денсаулығына алаңдаған еріктілер арнамызға қайта хабарласты. Юрий Репиннің төлқұжаты ұрланған. Ал, басқа құжаттары үйі өртенгенде жойылыпты. Ғасырдан аса ғұмыр сүрген қарияның құжаттары қашан қайта қалпына келтіріледі? Олжас Нұржақып анықтады.  

112 жастағы қария бүгінде төсекке таңылған. Тіпті, ауруханаға жатып, тиісті ем-дом алуға құжат қолбайлау болып отыр.   

Юрий РЕПИН: 

1933-ші жылы әскери билетім мен жеке құжатымды Алматыға келе жатып, поезда ұрлап кетті. Әскери билетім де, марапаттарым да кетті. Содан бері сексен жылдан асты. Бармаған, қақпаған есік қалмады. Қазір аяғымда сыр беріп төсектен тұра алмай қалдым. Дәрігер шақырамыз. Келеді, ем-домын көрсетеді. Бірақ, ауруханаға құжаттың жоқтығынан жатқызбайды.

Қазір қария 10 шаршы метр аумақта тұрып жатыр. Оның өзін жұбайының зейнетақысына жалдап отыр. Қариялардың тар бөлмедегі аянышты жағдайын осыдан 3 ай бұрын көрсеткен едік. Сол кезде Қарасай ауданы әкімінің өкілі «көмек көрсетеміз» деп уәде еткен болатын. Бірақ, мәселе әлі шешімін таппаған. Осы сауалды Қаскелең қаласы әкіміне қойдық. Асқар Мұқашев бұл қызметке жуырда ғана келгенін айтып ақталды.  

Асқар МҰҚАШЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАСКЕЛЕҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:  

Дайын емес деген жауап бар бізде. Промежуточный, арасында айтқаны. Жұмыс атқарылып жатыр деген бар бізде. Нақты айта алмай тұрғаным сол белгісіз болып отыр. Бірақ, біздің қадағалауымызда.

Сондай-ақ, жергілікті әкім қос қарияның жалдамалы пәтерінің де ай сайынғы төлемақысын жабуды мойнына алғанын айтты. Ал, құжаттарын жыл соңына дейін реттемейміз деп отыр. Бірақ қариялар «Қарттар үйіне» орналассақ, тағдыр тауқыметінен құтылар ма едік дейді.  

Светлана ПАВЛОВА, ЕРІКТІ:  

«Қарттар үйіне» әжейді алады, атаны алмайды. Өткені, құжаты жоқ. Әкімдікке осы мәселені айтып хабарласқан едік. Нәтиже жоқ. Көші-қонға да шықтық. Олардан да жауап болмай тұр. Біз бұл кісілерге келіп жағдайларын бақылап тұрамыз.

Қарияның қолында қазір 2012-ші жылы алған анықтама ғана бар. Яғни, сол кезде тұрған үйі өртеніп, Кеңес Одағындағы қызыл куәлігінен айырылған деп көрсетіліпті. Құжатсыздықтан әбден шаршаған қарттардың енді жыл аяғына дейін күтпеске амалдары жоқ.      

О. Нұржақып