$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астанада жүктілерге арналған мастер-класс өтті

AstanaTV
15.11.2018ж. 20:00
3442
Астанада жүктілерге арналған мастер-класс өтті

«Балалар-өміріміздің гүлі». Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы осындай атаумен болашақ аналарға арналған мастер-класс өткізді. Іс-шара нәрестені дүниеге әкелу мен күтім жасауға, сондай-ақ, жүкті әйелдердің қаза болуы жағдайларының алдын алуға бағытталған. Осы жылы Астанада 6 жүкті әйелдің қазасы тіркелді. Мамандар бұған көп жағдайда жүкті әйелдердің медициналық тексерулерге жіті мән бермей, босану кезінде дұрыс тыныс алу техникасын білмейтіндігі себеп болатынын айтады.  

Сабира КҮЛШІМБАЕВА, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: 

Босану кезінде ана мен баланың жағдайын қалыпты ұстау үшін қолданылатын тыныс алудың 10 түрі бар. Әрқайсысы да арнайы тексерістерден өтіп, бектілген. Ол техниканы босанушы ұмытып қалмауы үшін арнайы тыныс алу техникасымен сәйкестендірілген әндер де қосылып тұрады. Сонымен қатар, келіншектерге жаңадан туған нәрестенің омыртқасы дұрыс өсуі мен дамуы үшін қалай күтім жасау қажет, баламен сыртқа шыққанда не нәрселерге аса мән беру керектігі жөнінде «Аналық тәжірибелік курс» бағдарламасы дайындалды. 

Арнайы шақыртылған мамандар келіншектерге босану кезінде өзін-өзі еркін ұстауды, медитация жасауды, сонымен бірге, арт-терапияны қолдану арқылы босану процесін жеңіл ету жолдарын үйретті. Ең белсенді деген 20 жүкті келіншекке келешек аналар үшін ең пайдалы және заманауи білім алуға болатын 1 сабаққа және 1 толық курсқа арналған сертификат сыйға берілді.

Гүлфия КАБДУЛОВА, ҚАТЫСУШЫ:

Осындай тренингтер болашақ аналар үшін өте жақсы. Әрбір жыл сайын жүктіліктің уақыттары өзгере береді. Сондықтан, бұл тренингтердің бізге беретін пайдалары өте-өте зор.

Ә. Өмірзақ