$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақ интернетіндегі контент жасаушылардың ІІІ форумы өтті

AstanaTV
06.12.2018ж. 20:00
3542
Қазақ интернетіндегі контент жасаушылардың ІІІ форумы өтті

Ғаламтордағы қазақ тілді сайттардың дені оқырманға арзанқол дүниелер ұсынып, ақша тауып отыр. Халықтың санасын улап, ұлттық тәрбиеге нұқсан келтіретін бұл жағдай Қазақ интернетіндегі контент жасаушылардың ІІІ форумында сөз болды. Жиналғандардың пікірінше, жылдан жылға аудиториясы артып келе жатқан қазақ сайттарындағы ақпарат тартымды ғана емес, сапалы болуы тиіс.   

Биылғы форумға тек телеарна мен түрлі сайттардың өкілдері ғана емес, әлеуметтік желіде тұшымды ой айтып, әжептеуір аудитория жинап жүрген блогерлер де шақырылыпты. Форум жұмысын ашқан Ақпарат және Коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазақ тілді оқырманның саны жылдан жылға артып келе жатқандығын алға тартты.    

Дәурен АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ:   

Осыдан 5 жыл бұрын, 10 жыл бұрын біз әр уақыт айтатынбыз, қазақ тілді сайттар болса екег деп тілейтінбіз. Қазір сондай сайттар бар. Саны да күшейіп келе жатыр. Енді осы сайттардың сапасының өсуіне бәріміз бірлесіп үлкен мақсатқа жетеміз деп сенемін.

Бүгінде Қазақстанда интернет қолданушылар саны 13 миллион десек, оның қазақ тілді аудиториясы миллионға да жетпейді. Өйткені, қазақ сайттарының дені мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтіндіктен, іш пыстырарлық дүниелер көп жариялайтын көрінеді. Алайда, соның өзін оқырманға қызықты да сапалы етіп беру тілшінің басты міндеті.    

Айсұлтан ЖАҚЫПОВ, ЖУРНАЛИСТ:  

Мысалы, «Бизнестің Жол картасы 2020» бағдарламсын алайық. Мысалы, осы бағдарлама бойыша 19 кәсіпкер өз шаруасын дөңгелетіп жатыр десеңіз оқырманыңыз бірінші сөйлеміңізден бірден қашып кетеді. Бұл жерде кейіпкерді тауып соны тірілте беріп, халыққа басқа бір жағынан беріп, жықпыл жықпыл жолмен келіп халықақ насихаттай білсеңіз, оқымайды емес оқиды, көрмейді емес көреді. Тек қана басқа қырынан беріп, басқа қырынан жаза білу керек.

Ал, мемлекеттік тапсырыс алмайтын сайттардың дені түрлі қылмыс пен өсекке толы контент жасайды. Осының арқасында оқырман жинап, жарнама есебінен күн көреді. Ақпарат айдынында жыл сайын 33 миллиард теңгенің жарнамасы жайғастырылса, оның тең жартысы телеарналарға кетеді. 6 миллард теңгеден астамы сайттарға тиесілі десек, оның өзін орыс тілділері қағып кетеді екен.    

Айдос САРЫМ, САЯСАТКЕР: 

Биліктің шешімдерін қабылдап жатқан азаматтардың өзі де «Біз пресс релиз жаздық, оны өздерің оқып алыңдар, біз орыс тілінде жаздық, оны өздерің аударып алыңдар» деген психологиядан да арылу керек. Қазақстанда екі тілді қоғам бар дегені анық болса , орыс тілді аудитория қазақ тілді аудитория өсіп келе жатқан және жас аудитория дейтін болса, оның пікірін ескеру соларға түсінікті тілде жазу ол мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерінің арнайы коммуникация қызметтерінің сөзсіз міндеті.

Форумда күннен күнге сұраныс артып келе жатқан қазақ тілді ғаламторда сапалы контент жасап, оқырманның талғамын салиқалы дүниеге бағыттау керек деген ой түйілді.    

Г. Тасболатқызы