Стартаптары үздік деп танылған мектеп оқушыларына енді миллиондаған мемлекеттік грант беріледі. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі бірінші аймақтық IT форумда мәлімдеді. «DIGITAL EAST - БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ» форумына Қазақстан мен Ресейден 79 жоба мен 10 стартап ұсынылыпты. Алдағы уақытта Өскеменнің айти-аймаққа айналарына куә болған тілші материалында.
Бірінші IT форумға қатысушылардың ішінде өз ісін жаңадан бастаған жастар мен әлемге танылған компаниялар да бар. Бүгінде айти саласы күнделікті тіршілікті жеңілдетті. Мысалы, химия пәнінен зертханалық жұмыс жүргізу үшін түрлі ыдыстар мен қауіпті ерітінділердің қажеті жоқ. Виртуалды кеңістікті шынайы әлемге айналдыратын көзілдірік арқылы кез-келген тәжірибені жасауға болады.
Валерия КОЦУР, «RATING» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Физика, химия, биология секілді нақты пәндердегі күрделі тақырыптарды осылай жеңілдетуге болады. Бұрын мұндай тәжірибе жасау қымбат немесе қатерлі болатын. Енді бәрі де оңай. Бұл тренажерларды орта мектептің барлық оқушылары пайдалана алады.
Форумға қатысушыларға титімдей телефонға сыйып кеткен «Қауіпсіз қала» қосымшасы қатты ұнады. Қосымша пәтердегі ауа температурасының өзгергені туралы ақпаратты телефон иесіне жібереді. Яғни, үтікті ажыратуды ұмытып кетсеңіз немесе құбыр жарылса, әлде балалар пешті қосса, осында ескерту хабарламасы жетеді. Ал, мына виртуалды көмекші Өскемендегі 42 көрікті мекеннің туристер үшін тартымды екенін баяндайды. Смартфонға оңай жүктелетін бұл қосымша қазақ, ағылшын, орыс, тіпті қытай мен түрік тілдерінде жетік сөйлейді.
Ерболат ҚАНАТБЕК, «ALTERNATIVE VISION SOFTWARE» ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:
Елімізге келген туристер білікті жолбасшыны таба алмай қиналатын кездері аз емес. Енді осы мобильді қосымшаның көмегімен ол бес тілде бірдей сөйлейтін көмекшіге ие болады. Киелі орындарды қалауынша аралап, кез-келген ақпаратты толық ала алады.
Осылайша, 79 жобаның алтауы жеңімпаз деп танылды. Бұл жобалар шаруа қожалықтарының есебін жүргізіп, тіпті тыңайтқыш мөлшерін есептеуге де мүмкіндік береді. Ақылды техника құрылысшыларға жерасты суының қандай тереңдікте екендігін көрсетіп, қауіпті кедергілер туралы да баяндайды. Ал, облыстық музейлердегі мұрағаттар мен сирек кітаптарды цифрландыру жобаларының маңыздылығы өз алдына бір төбе.
Даниал АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
6 үлкен жобаға 1666 миллион теңге, тағы он жобаға 1 миллион теңгеден бөлінді. Мұның бәрі - біздің оқушыларға жасалған үлкен қамқорлық. Олардың қай-қайсысы да атап өтуге тұрарлық. Жастардың белсенділігі арқылы Президенттің компьютерлендіру мен цифрландыру туралы тапсырмасы орындалып келеді.
IT форумға қатысушылар цифрлық технологиялардың күрделі жұмыс пен қызметті жеңілдететінін іс жүзінде көрсетті. Осыған қанаттанған облыс әкімі енді бұл форумның жыл сайын ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Қазір «DIGITAL EAST» ұйымдастыру комитеті жаңа жобалар мен өтініштерді қабылдауға дайындалып жатыр.
Е. Карин