Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Эйр Астананың» авиапаркі ТМД-да теңдесі жоқ ұшақпен толықты

AstanaTV
14.12.2018ж. 20:00
2566
«Эйр Астананың» авиапаркі ТМД-да теңдесі жоқ ұшақпен толықты

«Эйр Астананың» әуе паркі жаңа ұшақпен толықты. Эмбраер реактивті әуе кемесінің жаңа үлгісі ТМД-ның бірде-бір елінде жоқ. Ұшақты таныстыруға арналған салтанатты шараға лайнерді құрастырушы зауыт басшылығы да қатысты. Олар жаңа әуе кемесінің техникалық мүмкіндіктерін айтып берді. Алдағы жылы Қазақстанның әуе компаниясы дәл осындай тағы төрт ұшақ сатып алмақшы. Жаңа үлгідегі ұшақтар ел ішінде ғана емес, Ресейге, Қытайға, Кавказ және Орталық Азия елдеріне қатынайтын болады. Ал, бірінші рейс осы айдың 19-на жоспарланып отыр. Онда борт Астанадан Алматыға ұшпақ.  

Питер ФОСТЕР, «ЭЙР АСТАНА» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Мұндай әуе кемесі осы күнге дейін Норвегияда ғана болатын. Сонда әлемде екінші, ал ТМД ішінде бірінші болып біздің компания осы ұшақтарға тапсырыс берді. Бұл үнемді әрі экологиялық жағынан таза ұшақ. Сонысына қызықтық. Осылайша, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесімізді қосқымыз келеді.

Лайнер шамамен 34 миллион доллар тұрады. Лизингке алынып жатқан жаңа әуе кемелері бұрынғы ұшақтарды біртіндеп алмастырады. Ескі үлгідегі «Эмбраерлер» 2011 жылы сатып алынған болатын.  

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ, ҰШАҚ КОМАНДИРІ: 

Бұрынғы самолет 98 жолаушы алса, қазіргісі 108 алады. Ойлап қараңыз енді, осы жерден Ақтөбеге дейін 1 сағат 30 минуттың ішінде жолаушыларымыздың саны да көбейеді. Оған қолданылған жанармайдың да өлшемі азаяды. Соның көрсеткіші. Бұл экономика жағынан үнемді деп саналады.

Д. Қайыртай