$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елбасы «Жастар жылын» ашық деп жариялады

AstanaTV
23.01.2019ж. 20:00
5203
Елбасы «Жастар жылын» ашық деп жариялады

Жұмыс істейтін жастар үшін ірі қалаларда жалдамалы үйлер салынады. Олардың инновациялық және ғылыми жобаларын қолдауға қыруар ақша да бөлінетін болды. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев жастармен өткен бейресми басқосуда айтты. Жастар жылы ашылған жиында өрендер Қазақстанда маркетинг министрлігін құруды ұсынды. Тіпті, Астана маңында алма бағын өсіргісі келетіндер де бар. Президент 300 мың жастың не білім алмай, не жұмыс істемей жүргенін де айтты. Биылдан бастап жастар өмірі қалай өзгереді? Абай Сейфулланың материалы.  

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

Баспана. Жастар жылында ең алдымен осы проблема шешілуі керек. Жұмыс істейтін жас отбасылар үшін миллион тұрғыны бар қалаларда жылына кемі мың үй салынбақ. Нұрсұлтан Назарбаев осылай арзан жалдамалы пәтерлерді көбейтуді тапсырды. Ал, жас кәсіпкерлер бастамаларын қолдауға 32 млрд теңге қаржы бөлінеді. Грант бойынша берілетін ақша екі есеге өседі. Ірі компаниялардың көмегімен бизнес стартаптарды қаржыландыратын қор құрылмақ.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Шағын несие берудің және оқытудың оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын 100 мыңға дейін жеткізген жөн. Ол қолдан келетін нәрсе.

Жас ғалымдардың идеяларын іс жүзінде жүзеге асыруы үшін жыл сайын 3 млрд теңге бөлініп отырады. Олардың біразымен Президент «Нұр әлем» павильонындағы көрмеде танысты. «Қазақ елі», «Найми.кз» сияқты жобалар пайда алып келуіне назар аудару керектігін айтты. Жобалардың бәрі «Нұр Отан» партиясының бақылауында болуы керек. Қазақстан Халқы Ассамблеясының да жастар саясатында атқаратын рөліне Президент арнайы тоқталды. Елде белсенді жүріп жатқан құрылыс жұмысына жастарды шақырды. 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Мынау Түркістан қаласын облыс орталығы ретінде жұмыс жасап жатырмыз. Үлкен қала болады деп. Соның жұмысына жастар атсалысу керек. Үкімет облыс әкімімен бірлесіп, бұл мәселені қолға алуы тиіс. Сонымен қатар, жаңа өздерің естідіңдер - былтыр мен бастап берген «Жас сарбаз» қозғалысы негізінде әскери-патриоттық тәрбие беру ісін дамыту керек.

Мінберге жастар да құрғақ сөзбен емес, нақты ұсыныстармен көтерілді. Викибілім қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы Астана ашық университетін құру, 13 жасар IT маманы Абзал Мырзаш кириллицадағы әдебиеттерді латын қарпіне көшіретін конвертер жобасын дамыту мәселесін көтерді. Әлем таныған бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайып Астанада бүркітшілер мектебін ашқысы келетін айтты.   

Айшолпан НҰРҒАЙЫП, БҮРКІТШІ:  

Отаннан жырақтағы 5 миллион қазақтың бірімін. Бай өлке аймағында туып өстім. Бірақ, Атамекенім Қазақстан екенін ұмытпадым. Ұмытпай тұрғанда айта кетсем. Алтайдағы аз қазақтың аманаты бар еді. Сізді бай өлкеге қонақ болуға шақырамыз. Ақ дастарханнан дәм татып кетсеңіз, алыстағы ағайынның рухы бір жасап қалар.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

Елбасы өз сөзінде жастардың отбасылық өміріне дайындығы үшін аналар ғана емес, әкелер институтын да құруды ұсынды. Себебі - тәуелсіздік жылдарында 1,5 млн отбасы құрылса, оның 25 пайызы ажырасып кеткен. Сондықтан, жігіттер жауапкершілікті түсінсін, қыздар отбасы құндылығын ұқсын,- деді Президент. Ал, махаббатқа берік болу - басты қағида.

А. Сейфулла