Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Шымкентте қияр мен қызанақ құны қымбат

AstanaTV
06.03.2019ж. 20:00
4628
Шымкентте қияр мен қызанақ құны қымбат

Шымкентте мереке қарсаңында көкөніс құны көтеріліп кетті. Тұрғындар әсіресе қызанақ пен қиярдың құны шарықтап кеткеніне шағымданады. Келісі 1 мың 400 теңгеге жеткен. Монополияға қарсы мекеме тексеру жүргізуге мәжбүр. Қымбатшылыққа не себеп? Айзада Төребекқызы отандық өнімдер жылыжайдан қанша теңгеден сатылатынын анықтап көрді.  

Шымкентте қызанақтың бағасы 700 теңдеден басталады. Ең арзаны Қытай мен түріктің өнімдері. Бірақ, Ташкенттікі сұранысқа ие. Келісі 800 бен 1 200 теңге аралығында. Сатушылар бағадағы айырмашылық оның сұрыпында деп отыр.

100 теңгеге Өзбекстандікі қымбат. Өзіміздің жергіліктіміз сәл арзандау...

Шымкент базарына кешелі бері шыққан жергілікті жылыжай қызанағының келісі - 950 теңгеден. Қияр да арзан тұрмайды

Әсия САДЫҚОВА, САТУШЫ:

Белыеводыдан келді, 850-ден алдық, 900 ден сатып жатырмыз. Түрі әдемі, вкусын әлі көрмедім. Ташкенттікі 1 000-1 100 теңге.

Ал, тұрғындар мереке қарсаңындағы қымбатшылық қалтаны қағатынына қынжылады.

Лидия МАКСИМОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

1 200 теңгеден қызанақ та, қияр да. Оңтүстікте тұрсақ та бәрі қымбат. Неге? Ішің ашиды сонша ақшаны көкөніске бере салғанға. Менің өзім үш түйір қызанақ, төрт дана қияр алдым. Зейнеткерлер мұндай бағаға ала алмайды. Өткен аптада ғана 800-900 теңгеден болатын. Мейрам қарсаңында көтеріліп кетеді бәрі, ылғи осы.

Расында неге қымбат? Отандық өнімнің мың теңгеге жетуінің себебін білуге тырыстық. Қала іргесіндегі 3 гектар алқаптағы жылыжайдың өнім жиып жатқанына екінші апта. Мұндағылар қиярдың келісін дәл қазір 600 теңгеден өткізіп жатырмыз деді. Бұған дейін 700 теңге болған екен. Әлі күн көзі қызбағандықтан жылыту шығыны көп көрінеді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жылыжайдағылар қиярдың келісін қазіргіден 35 пайызға арзан өткізуге болатынын айтады. Тек үкімет тарапынан қолдау қажет. Өйткені, коммуналдық төлемдер тым қымбат. Мәселен, табиғи газдың өзіне мұндағылар айына 8-10 млн теңгеге дейін төлеп отыр екен.

Бұдан бөлек жылыжай шығыны да соңғы төрт жылда екі есе өсіп кеткенін көлденең тартты. Тыңайтқышқа дейін шетелден келетіндіктен долларға тәуелді. Айтуларынша, бұрынғыдай өнімге субсидия алмайды. Ал, коммуналдық төлемдердің тарифіндегі өзгерістің кәсіпкерлерге қайыры шамалы көрінеді.

Мұрат ГЕЛАШВИЛИ, «KAZAGRONOM» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ :

Февральда, мартта қымбат болған себебі ақшасы ол біз қарыздарымызды жауып жатырмыз. Одан бізге түк пайда жоқ. Қалып жатқаны 120 теңге 1 килодан. Сол 120 теңгені де бәріне жеткізу керек. Айлыққа болсын, кредитке болсын. Қазір енді жаңа правительство болды ғой, солардан үлкен көмек күтіп отырмыз.

Ал, бағаның алушыға кемі 300 теңгеге қымбат жетуін арадағы алыпсатарлардың көптігінен деді. Айтпақшы, Шымкентте монополияға қарсы департамент өкілдері сауда орындарындағы баға саясатын бақылауға кірісіп кетті. Олар өзімізде өскен көкөністің, сауда сөресіне жеткенге дейінгі бағасын да анықтаймыз деп отыр.

А. Төребекқызы