Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында екі үйге су кіріп, 13 аулаға су жайылған. Елді мекендегі тұрғындар шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшіріліп, құтқарушылар Куликов өзені маңындағы үйлердегі суды тазартуда.
Күннің күрт жылынуы салдарынан өзен-көлдердің сағасында мұз кептелу қаупі күшейді. Бұған жол бермеу үшін бүгін құтқарушылар үш көлдің мұзын жаруды бастады. Жағалаудың екі шақырымы топырақпен биіктетіліп, еріген қар суы жайылатын арна қазылды. 8 құрылғының көмегімен 25 мың текше метрдей су сорылған.
Александр ЛОМЫГИН, ШҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Күні бүгін 13 аула мен 2 үйге су кірді. Үйін су басқан отбасылар жергілікті билік органдары ұсынған баспанаға орналастырылды. Қазір суды ұстап тұру үшін бөгет салынып, су шайып кетпеу үшін нығыздалып жатыр.
Оралда да күн жылынғалы қарбалас күшейді. Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, өңірде жиырмаға тарта елді мекеннің жағдайы қиын. Бұлар облыстың Тасқала, Бәйтерек аудандарының ауылдары және Орал қаласы. Былтыр қараша айынан бері толассыз жауған қармен күрескен қала билігі 1 миллион текше метр қар және 50 мың текше метр суды тасып шығарыпты. Енді әкімдік қала тазалығына тұрғындардың да ат салысуын сұрап отыр.
Ерболат МҰҚАЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Біз сәуірдің 1-нен бастап, екі айлық тазалық пен көгалдандыру жарияладық. Сондықтан барша қала тұрғындарын, әр мекеме, жеке тұлғалар болсын, баршасын осы сенбілікке шақырамын. Бірінші сенбілік ертең басталады.
Е. Карин