Науқастарға тегін дәрі-дәрмек берілмегені үшін 20-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Мұны бүгін Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова хабарлады. Былтыр халық тарапынан шағым көбейген соң, министрлік арнайы мониторинг тобын құрған. Тексеріс кезінде науқас препаратты алмаса да, электронды жүйеде дәрі емделушіге жетті- деген белгі тұратыны анықталды. Айталық, Шымкент, Түркістан мен Жамбыл облыстарындағы психикалық орталықтарда, Павлодардағы облыстық психоневрологиялық диспансердегілер 2 айдан 11 айға дейін дәрі алмаған. Мониторинг тобы анықтаған барлық деректер қазір Бас прокуратураға жолданды.
Людмила БЮРАБЕКОВА, ҚР ДСМ ФАРМАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Қазір аймақтарда мониторингтің екінші кезеңі басталды. Оған аумақтық департаменттердің өкілдері тартылып отыр. Тексеріс сәуірдің 29-ы аяқталады.
Д. Қайыртай