Негізгі / Жаңалықтар / Бастауыш партия ұйымдары кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімді қолдайды

Бастауыш партия ұйымдары кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімді қолдайды

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс өтетін съезі қарсаңында өңірлерде бастауыш партия ұйымдарының жиналысы өтті. Партиялықтар кездесу барысында «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Ауыл - ел бесігі» және «Құтты мекен» атты 4 негізгі партиялық жобаны талқылады. Сондай-ақ, мерзімінен бұрын өтетін ел президентін сайлау науқанын қолдайтындарын білдірді.  

Бүгін Жоғарғы соттың жанындағы Сот төрелігі академиясының бастауыш партия ұйымы жиын өткізді. Онда партиялық төрт жобаның іске асырылу барысы баяндалды. Артынан кезектен тыс сайлаудың мән-маңызы айтылды. Академияның Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Төлеуғали Бурбаев: «Бұл сайлаудың тарихи маңызы бар» деді. 

Төлеуғали БУРБАЕВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫ ЖАНЫНДАҒЫ СОТ ТӨРЕЛІГІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ: 

Елдің тұрақтылығын, ұлтаралық қатынастардың нығаюын, ішкі және сыртқы саясаттарды тиянақты, нақты жүргізу үшін бізге легитимді, заңды түрде халықтың атынан сайланған президент қажет екендігі бәрімізге белгілі нәрсе ғой деп ойлаймын. Сондықтан да, бүгінгі сайлаудың алдындағы халыққа айтар бір ғана тілек, осы сайлауға қатысып, өзіміздің саяси мәдениетімізді, өзіміздің саяси белсенділігімізді ерекше танытып, ерекше көрсете білуіміз керек. 

Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешімді шымкенттік мұғалімдер де қолдайды. Ұстаздар қауымы пікірлерін «Nur Otan» партиясының Жарғысына сәйкес аймақта өткен бастауыш партия ұйымының жиынында ортаға салды. Шымкенттегі Абай ауданына қарасты «Ақ-тас» бастауыш партия ұйымының 500-ден астам мүшесі бар. Олардың басым бөлігі білім саласының қызметкерлері. Барлығы да саяси доданың мерзімінен бұрын белгіленуін дұрыс шешім деп қабылдайтындарын жеткізді.   

Сәттар РАЙЫМБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ «АҚ-ТАС» БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ

Қазіргі әлемде болып жатқан әртүрлі саяси қақтығыстар, экономикалық дағдарыстар осындай оқиғалар геосаяси оқиғаларға байланысты бұл заман талабы кезектен тыс Президент сайлауы. Алдағы келе жатқан сайлау науқаны біздің мұғалімдердің оқу жылы аяқталып, үлкен тарихи саяси науқанға біркісідей атсалысады деп есептеймін. 

Ақтау қаласындағы жеке компанияның ұйым өкілдері де жиын өткізді. Олар партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 18-съезде берген тапсырмаларының жүзеге асу барысын талқылады. Әсіресе, «Бақытты отбасы» жобасына жете тоқталды. Оның аясында алты баласы бар ана аталған серіктестікте тәжірибе жинақтап жатыр.  

Қанат АРТЫҚБАЙ, АҚТАУ ҚАЛАСЫ «МҰНАЙТЕЛЕКОМ» ЖШС БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Бүгінгі таңда ол көпбалалы ана мамандығы бар, тәжірибесі жоқ та көп жерге жұмысқа алмайды. Енді бізідң мекемеде тәжірибе алғаннан кейін жақсы жұмысқа орналасады деген сенімдеміз. 

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің аз қамтылған және көп балалы қызметкерлеріне де «Бақытты отбасы» жобасының аясында қолдау көрсетілмек. Мұны бүгін оқу орнының бастауыш партия ұйымының жиынында айтты.  

Д. Қайыртай