Елордада тағы 4 адам торттан уланды. Қаланың бас санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабыловтың айтуы бойынша «Happy cake» кондитерлік өнімдерінен уланып, тұтынушылардың ауруханаға түсу жағдайлары жалғасып жатыр. Өйткені, өткір ішек инфекциясымен байланысты аурулардың инкубациялық мерзімі бір аптаға дейін жалғасуы мүмкін. Зардап шеккендер саны қазір 10-ға жетті. Олардың 9-ы ересек болса, біреуі бала. Науқастар тәтті жегеннен соң жағдайлары нашарлағанын айтқан. Қазіргі уақытта тиісті зертханалық сараптамалардың бірқатары тағайындалған, оның қортындысы ертең белгілі болады. Байғабыловтың сөзінше тәтті пісіретін цех екі жарым жыл көлемінде рұқсат қағаздары болмаса да жұмыс істеп келген.
Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Желтоқсан айында «Happy cake» кондитерлік цехының басшысы Асхат Солтанов менің қабылдауымда болды. Мамандармен бірігіп біз оған санитарлық тәртіпті бұзып отырғанын түсіндірдік. Оның цехы ешбір талапқа сай еместігін айттық. Кондитерлік цех жоғары эпидемиологиялық санаттағы нысан. Сондықтан заң шеңберінде аталған кәсіпорындар міндетті түрде санитарлық-эпидемиологиялық тұжырымдама қағазын алуы керек. Өкінішке орай «Happy cake»-тің директоры біздің кеңестерге құлақ аспай, жұмысын ары қарай жалғастыра берді.
Бүгінде кондитерлік жұмысын жалғастырып жатыр. Егер, торттан улану расталса кәсіпорын жарты миллион теңге айыппұл төлейді. Мамандар Нұр-Сұлтан қаласында тек 13 цехтың тиісті рұхсат қағаздары барын айтады. Ал «Happy cake» басшылары сараптама қортындысын тағатсыздана күтіп отырғандарын жасырмады.
Самат МҰХАМЕД, «HAPPY CAKE» ЖШС БАСШЫСЫ:
Біз бірінші кезекте осы жағдайдың анық-қанығын анықтауға мүдделіміз. Тексеру жүргізіліп жатыр, яғни қазір ешқандай кедергі жоқ. Біз бірлескен жұмыстан қашпаймыз, жасырынбаймыз. Бірақ, қазір зертханалық зерттеулердің нәтижелерін күтіп отырмыз, содан кейін барлығы түсінікті болады. Сонда ғана нақты және толық жауап беретін боламын.
Н. Біләл