$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстан көшбасшысының бітімгершілік жолындағы күш-жігерін қолдаймыз - Хамид Карзай

AstanaTV
21.04.2016ж. 20:00
1867
Қазақстан көшбасшысының бітімгершілік жолындағы күш-жігерін қолдаймыз - Хамид Карзай

«Қазақстан Президенті Ауғанстандағы ахуалдың тұрақтануына өлшеусіз көп еңбек сіңірді. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағыттағы жұмыстарына табыс тілеймін. Қазақстан көшбасшысының  бітімгершілік жолындағы күш-жігерін қолдап, оның қажырлы еңбегіне көмектесуіміз керек».

Астанада басталған ХІІІ Еуразиялық медиа форумда Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзай Елбасының еңбегіне осындай зор баға берді. Медиа форум қатысушыларына Президенттің жолдаған құттықтауын ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева оқып берді.

"Әлем барша адамзатқа  қатер төндірген жаңа дәуірге аяқ басуда. Ортақ болашағымыздың қандай болатыны біздің өзімізге байланысты. Мен "Әлем. ХХІ ғасыр" атты манифесті ұсындым. Оның мақсаты - Жер бетінде соғыс атаулыны түп-тамырымен жою», - делінген Елбасы құттықтауында. Сан алуан тақырып талқыланған жиында әлемді алаңдатқан мұнай өндірісі көлеміне қатысты да пікірлер қозғалды.

Хамид Карзай, Ауғанстанның экс-президенті:

Санкциядан зардап шеккен Иран жақында ғана нарыққа оралды. Ол санкциялардың салқыны Ауғанстанға да тиді. Сондықтан Иранның алға қарай дамуына барлық жағдайдың болғанын біз қатты қалаймыз. Әлбетте, мен мұнай өндірісі көлемін азайтуға қарсымын. 

Ал Ұлыбритания экс-сыртқы істер министрі Джек Стро еуроға қатысты пікірін жайып салды. Айтуынша, кәрі құрлық елдеріне ортақ валюта шығару идеясы сәтсіз бастама көрінеді. Еуразиялық медиа форумға құрметті қонақ ретінде шақырылған саясаткер Еуропадағы экономикалық дағдарысқа ортақ валюта "кінәлі" деп салды. "Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шығып кеткен жағдайда, одақтың іргесі сөгіліп, экономикалық қиындықтар орын алуы ықтимал. Бірақ бұл "одақ тарайды дегенді білдірмейді" деді ол. Еске салайық, маусымда Ұлыбритания халқы референдум өткізіп, Еуоодақта қалу-қалмау мәселесін шешеді.

Джек Стро, Ұлыбританияның экс-сыртқы істер министрі (2001-2006):

Мен ортақ валюта идеясына әу бастан-ақ қарсы болдым. Бірнеше ел бірігіп алып, ортақ валюта шығару деген тәкаппарлықтан туған ессіздік деп санаймын. Осы жағдай Еуропада әжептәуір проблема туғызды.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ