$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оптимистік ойларға жетелейтін жер! Астана хаб туралы

AstanaTV
20.04.2019ж. 20:00
4358
Оптимистік ойларға жетелейтін жер! Астана хаб туралы

Астана хаб туралы. Өзім барып таныстым, шын мәнінде ерекше орталық. Ізденгіш жастарға жағдай жасалған. Мүмкіндіктер көп. Жап-жақсы жобалар бар. Әжептәуір табыс тауып жатқандары бар. Оптимистік ойға жетелейтін жер. Дүниенің кілті білімде, ұшқыр ойда, табанды еңбекте екені дәлелденетін орталықтан Нұрсұлтан Біләлдің репортажы.  

Қазіргі жастарды айыптап, хайптың жетегінде кетіп, ойлағаны лайк, жасайтыны вайн дейтіндер көп. Интернеттің кең етек жайып, әлеуметтік желі өміріміздің бөлшегіне айналғалы бері арзан атақ құмар жастар да көбейгені рас. Бірі қолына қамшы ұстап, жеңіл жүрісті қызарды сабаса, енді бірі ұлттық киімді қорлап әлек.

Өз өзіне қара пиарды лақ еткізіп, қоғамды аузына қарататындардың жаңа неологизміне бүгінде "хайп" сөзі айналды. Хайпшыл жастардың көксегені тек ақша табу.Әйтпесе, дүйім жұрттың қарғысына қалып, түрлі жағымсыз пікір есту кімге керек?! Ал ай-ти саласында жүрген жастар ғаламторды білім алу, ақшаны адал табу жолына айналдыруға болады дейді.

Самал МҰРАТБЕКОВА, "АНТИҚАРЫЗ" КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Енді жастарға айтарым бір ақ кеңесім, оқыңдар, жұмыс істеңдер, адал еңбек етіңдер деп айтамын. Ал жаңағы мына шешініп хайп жасап жатқандарға өкінішке орай айтар сөзім жоқ. Өйткені ол кісілердің енді тәрбие алмағаны болар, олай жасап жатқандары. Мен қарсымын мұндай көзқарасқа.

Самал Мұратбекова әлеуметтік желіні жалпы ғаламторды белсенді қолданады. Бірақ қазір сәнге айналған вайн мен блогерлерді тамашалау үшін емес. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған отандастарына көмек беру үшін. Самал еңбек етіп жүрген ай-ти компания микрокредитті онлайн алып, қарызға батқан азаматтарға, несиесін жаба алмай жүргендерге заңгерлік кеңес береді. Жоба былтыр ғана іске қосылған. Команда мүшелері қылшылдаған жастар.

Самал МҰРАТБЕКОВА, "ANTIDOLG" КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Онлайн займдары бар несиесі бар кісілер яғни микрокредитный организациядан несие алып қазір қарызын қайтара алмай, құқығын қорғай алмай жүрген кісілерге біз заңды түрде құқығын қорғап көмек беруге тырысып жатырмыз. Енді орташа алғанда біз күніне 60-тан 150-ге дейін заявка қабылдаймыз.

Компания жарты жылда ғана 300 -ден астам адамның несиелік ісі бойынша сотта жеңіп шыққан. Өткен жылы ғана қазақстандықтар шағын микрокредитті онлайн беретін қаржы ұйымдарынан 286 млрд теңге алған. 500-ге жуық кредит онлайн берілген. Мамандар аталған ұйымдар қарыздың пайызын заңсыз өсіріп отырғандарын айтады. Ал "Антидолг" жобасы несие алғандардың қарызын пайызсыз төлеуге сот арқылы ықпал етеді.

Астана хаб - халықаралық ай-ти стартаптар технопаркі. Бұл жерде қазақстандық және шетелдік компаниялардың еркін дамуына жағдай жасалған. Ай-ти технологиялар инкубаторының негізін қалаушылардың бірі Дәулет Айтмаханбетов. Жасы 24-те, Оңтүстік Кореяда білім алған. Бүгінде "ИісСу"стартап жобасын дөңгелетіп отыр.

Дәулет АЙТМАХАНОВ, "ISSU" КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Америка Құрама Штаттарында осы проект пайда болыпты. Осы иіссуларға подписка жасау деген. Мен оларды жақсылап зерттеп, бизнес модельдерін көріп, командаларын көріп нарықты зерттеп осы Қазақстанға да осыны жасауға болады деген шешімге келдім.

"ИісСу" жобасы бұрын елімізде болмаған онлайн-бизнес түрі. Сайт арқылы әртүрлі әтірлер мен иіссуларды сатып алуға болады. Тіпті бір жылға тіркелсеңіз ай сайын мынандай құтыларға құйылған иіссуларға арзан бағамен қол жеткізе аласыз. Кейіпкеріміз кәсібін ешбір кредитсіз бастаған. Тірнектеп жинаған қаржысын өз арманындағы стартапқа жұмсаған.

Дәулет АЙТМАХАНОВ, "ISSU" КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Жобаны өзім қолдадым яғни ақша туралы айтсақ, өзімде жиналған 800 мың теңге болатын және туған-туыстарымнан достарымнан сәл қарызға ақша алып бастап кеттім. Қазіргі сол ақшаны оборотқа салып, қазір енді сол продажаларымызды жасап, Қазақстан бойынша дамып жатырмыз.

Компания қызметіне қазіргі таңда 200-ден астам адам тұрақты түрде тіркелген. 1-2 жылда стартап жоба миллиондаған доллар кірісі бар алып бизнеске айналады дейді компания басшысы. Ай-ти технопаркінде бірегей технологияларды ойлап тапқан жастар аз емес. Солардың бірі Бауыржан Кочербаев. "Кидс Секюрити" жобасын достарымен бірігіп бастаған. Ұялы телефонға орнатылатын қосымша баласының қайда жүргенін ата-анаға онлайн бақылауға мүмкіндік береді.

Бауыржан КОЧЕРБАЕВ, KIDS SECURITY КОМПАНИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Бала жоғалған кезде срессовый ситуация болған кезде бала өзінің қай жерде екенін айта алмайды. Осы проблемаларды шешу үшін жаңағы Кидс Секюрити жобасын іске қостық.

Мобильдік қосымша арқылы баланың қай жерде екенін ғана емес оның мектепке келіп кету уақытын да бақылап отыруға болады. Тіпті арнайы функция арқылы жан-жағында болып жатқан жағдайды тыңдауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, GPS арқылы баланың күні бойы жүрген бағытын да көре аласыз. Ал ұялы телефоны дыбыссыз режимде болса оның дыбысын онлайн түрде ұлғайтуға болады.

Бауыржан КОЧЕРБАЕВ, KIDS SECURITY КОМПАНИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

2,5 мыңдай қолданушы бар - ата-аналар. Біз олармен әрдайым хабарласып, қандай кедергілер, қандай проблемалар қолданыс аясында болғанын анықтап, солармен жұмыс жасаймыз.

Астана хаб өткен жылы 47 стартап жобасына пайда болып, жұмыс істеуіне ықпал етті. Мұндағы ай-ти жобалардың авторлары жастар. Қазіргі уақытта стартаптарға 700 миллион теңгеге жуық инвестициялық қаржы тартылған. Міне, осы жастар ешбір айыпты хайпсыз, жеңіл-желпі вайнсыз, келуі мен кетуі тез таңымалдықсыз ұзақ мерзімді қаржы табу көзін ғаламтор мен білімнің арқасында ойлап тауып отыр.

Нұрсұлтан БІЛӘЛ, ТІЛШІ:

Илон Маск, Стив Джобс, Джек Ма және Билл Гейтс. Айти саласының алыптарын Астана Хабта жұмыс істейтін жастар үлгі тұтады. Жақын болашақта Қазақстанның Джек Масы немесе Билл Гейтсі дәл осы Астана хабтан шығатынына менің күмәнім жоқ.

Нұрсұлтан Біләл, Олег Федоров «Біздің уақыт»