Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Талғат Ерғалиев Президенттік сайлауға қатысудан ресми түрде бас тартқан жоқ - ОСК

AstanaTV
29.04.2019ж. 20:00
5938
Талғат Ерғалиев Президенттік сайлауға қатысудан ресми түрде бас тартқан жоқ - ОСК

Құрылысшылар одағы атынан ұсынылған үміткер Талғат Ерғалиев Президенттік сайлауға қатысудан ресми түрде бас тартқан жоқ. Орталық сайлау комиссиясының өкілдері осылай деп отыр. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары кандидат құжаттарын қайтарып алды деп жазған еді. Ақерке Бектас тарқатады.   

Әміржан Қосанов бүгін мемлекеттік тілді жетік меңгергендігін дәлелдеді. Ол - «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігі атынан Президенттікке үміткер. Орталық сайлау комиссиясына 7-ші үміткер болып тіркелдім деген Қосанов емтиханда 7-ші билетті таңдап, шығарманы да 7-ші бетінен бастап оқып берген. Кейін «Өнер, білім бар жұрттар» тақырыбында баяндама жасады.  

Әміржан ҚОСАНОВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: 

Мен Қадір Мырза Әлі секілді ұлы ақынмен 3 жыл көрші болғанмын. Ағамыздың әруағы қолдасын деп, соның кітабын алып, 7-ші бетін оқыдым. Ортасына келгенде ол кісілер өздері тоқтатты бәрі дұрыс екен, рақмет деп. Талқылау болды. Бір-екі сұрақ қойылды. Меніңше, бәрі дұрыс болған сияқты.

Лингвистикалық комиссия Әміржан Қосановты ғана емес, коммунист Жамбыл Ахметбеков пен «Ауыл» партиясынан Төлеутай Рахымбековтің де қазақ тілін жетік меңгергенін растады. Комиссия төрағасы Президенттікке кандидаттардың бұрынғыға қарағанда сынаққа сақадай сай келгендерін айтты. 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫ: 

Айта кету керек, өткен жылдары мемлекеттік тілді жетік меңгермеген бірнеше кандидаттың жұмысын қарағанбыз. Биыл байқағанымыз үміткерлер емтихан тапсырудың оңай емес екендігін түсінеді, олар тиісті деңгейде дайындалып келген.

Бұл сынақты әзірге екі кандидат тапсырған жоқ. Ол - Талғат Ерғалиев пен Жұматай Әлиев. Ал Талғат Ерғалиев әзірге кандидаттар тізімінде. Орталық сайлау комиссиясының өкілдері ол құжаттарын қайтарып алмағанын мәлімдеді.  

Бақыт СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

БАҚ өкілдерінде оның үміткерліктен бас тартқандығы туралы ақпарат тарап жатыр. Бірақ ресми түрде тиісті шаралар оның тарапынан қолданылған жоқ. Тек ол бізден бас тартқан жағдайда не істеу қажеттігі туралы сұрады. Арнайы комиссия оған түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сайлауға 9 адам қатысуға ниетті. Оның 5-і республикалық қоғамдық бірлестік атынан, ал 4-і партия атынан ұсынылған кандидат. Қазір емтиханнан өтіп, құжаттарын тапсырған 6 үміткер қол жинауды бастап кетті. Олар 12 облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және елордадан кемінде 118 140 қол жинауы қажет.  

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ: 

Сайлау додасына кімдер қатысатыны 11-ші мамырда белгілі болады. Кандидаттар сол күннен бастап 8-ші маусымға дейін сайлау бағдарламаларын ұсынып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Кезектен тыс Президенттік сайлау 9 маусымда өтеді.

А. Бектас