$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Снаряд аралаймын деп жарымжан болған жігітке үкім шықты

AstanaTV
14.05.2019ж. 20:00
4412
Снаряд аралаймын деп жарымжан болған жігітке үкім шықты

Шымкентте снаряд жарылысынан аяқ-қолы жұлынып кеткен азаматқа үкім кесілді. Сот 35 жастағы тұрғынның бас бостандығын алты айға шектеу туралы жаза кескен. Ол енді осы уақыт аралығында арнайы есепте болады. Бұл іс бойынша Қылмыстық Кодекстің екі бірдей бабымен іс қозғалған. Оның бірі - жарылғыш заттарды заңсыз тасымалдағаны сотта дәлелденген.  

Қайрат ІЗБАСАРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЕҢБЕКШІ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: 

Ал екінші бір тағылған айып ҚР ҚК 114 бабының 3-ші бөлігі, атап айтқанда «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру» осы айып бөлігінде жәбірленушіге келтірілген залалдың орны толтыруына байланысты және жәбірленушінің кешірім беруіне баланысты ҚР ҚК 68 бабының 1 бөлігімен айыптың бұл бөлігі қысқартылып отыр.

Айта кетейік, оқыс жағдай ақпан айында Еңбекші ауданында болған еді. Үй иесі жарылғыш заттарды темір қабылдайтын орынға өткізу үшін арнайы құрылғымен кесіп жатқан кезде, жарылыс болған. Сол кезде бір аяқ, бір қолынан айрылып қалған. Одан бөлек, 22 жастағы жиені де ауыр жарақат алғанын айтқанбыз. Кейіннен оның да аяғын кесуге тура келіпті. Айыпталушының ауласынан 47 дана снаряд тәркіленген. Сотталушы снарядтарды Арыс ауданы аумағынан елсіз жерден тауып әкелгененін айтқан. 

А. Төребекқызы