$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің тұрғындары әлі күнге дейін пәтерлерін ала алмай жүр

AstanaTV
16.05.2019ж. 20:00
1998
Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің тұрғындары әлі күнге дейін пәтерлерін ала алмай жүр

Қарағанды қаласында 7 жыл бұрын құлап қалған «Бесоба» тұрғын үй кешенінің жұрты әлі күнге дейін пәтерлерін ала алмай жүр. 2014 жылы 60-тан астам отбасына баспана берілуі тиіс еді. Алайда, апатты ғимараттың орнына салынып жатқан көп қабатты үйдің құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған. Бүгін шыдамы таусылған жұрт Қазыбек би атындағы аудандық прокуратура ғимаратына жиналып, жергілікті әкімдіктен құрылыстың тез арада аяқталуын талап етті.  

Бақыт ДҮЙСЕБЕКҚЫЗЫ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Сіздер айттыңыздар март айында бітіріп, үй қолдарыңызға беріледі дедіңіздер. Қазір май аяқталуға айналды. Толық срогын, қай уақытта берілетін уақытын айтқаныңызды қалаймыз біз».

Жақсылық ШАЛАБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

«Тез уақытта біз сізге тапсыруға дайындалып жатырмыз. Сізге одан басқа қандай жауап керек? Мен сізге тура күнін айта алмаймын. Біз жұмыстың қалған көлеміне қарауымыз керек. Талабымыз - тез уақытта сіздерге кілтті тапсыру».

Қалалық құрылыс бөлімінің мәліметінше, алғашқы мердігер компания құрылысты аяқтай алмаған соң екіншісімен келісім-шарт жасасуға тура келген. Оның үстіне алғашында пәтердің бір шаршы метрі 90 мың теңгеге бағаланса, кейін құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты ол 136 мың теңгеге көтерілген. Сондықтан қазіргі таңда мердігер компания үйді демеушілер тарту арқылы салуға мәжбүр болып отырғандарын жеткізді. Жаңа баспанада жеделсаты мен сантехника орнатылмаған. Ішкі әрлеу жұмыстары мен ауласын абаттандыру да тоқтап тұр. Жылдар бойы пәтер жалдаудан шаршаған кей азамататтар пәтерлерін өз қаражаттарына жөндеуге кіріскен.  

Қанат ӘШІРБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

«20 жыл мен ақша жинадым деп отырмын ғой, 20 жыл. Содан кейін осы 2 бөлмелі квартираны алдым 80 кв метр. Сосын құлатты. Одан кейін скитанияда жүрміз. Өз ақшама қайта ремонттап жатырмын. Бұларда не ақша жоқ, не жұмыскер жоқ. Отырамыз ба тозып?».

Еске салсақ, 2012 жылы сәуір айында Қарағанды қаласындағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің бірі құлап қалған болатын. Бұдан кейін жүзден астам отбасы қауіпсіз жерге көшіріліп, көп қабатты ғимарат бұзылды. 

А. Қуаш