Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Нұрлы жер» бағдарламасы түзетіледі. Әйтпесе мүлдем орындалмайды...

AstanaTV
28.10.2017ж. 20:00
1862
«Нұрлы жер» бағдарламасы түзетіледі. Әйтпесе мүлдем орындалмайды...

Үкімет Тұрғын үй бағдарламасын қайта қарамақ. Банктер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қолжетімді ипотека беруге құлықты емес – сол себепті бағдарламаға өзгеріс енгізетіндерін Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек хабарлады. Қазір банктер жеңілдетілген ипотеканы 14 аймақта береді, ал қабылдағандары бар-жоғы 700 өтініш. Бұл министрдің сөзінше, бағдарламаны іске асыру тиімділігінің төмен екенін көрсетеді. Гәп мынада – ипотеканы төлеуде кібіртіктеп жүрген адам алдымен негізгі қарызды төлейді, ал пайыздық үстемемен сосын барып есептеседі. Банктер осыған наразы. Тиісінше, бағдарламаға қатыспай отыр.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі: 

Сонымен бірге кепілге қойылған үйді жалғыз баспана деп, алып қоюға сот та рұқсат бермейді. Осыған байланысты аталған бағдарлама мен оған сәйкес заңдарды тағы бір рет екшеп, өзгерістер енгізу қажет екенін көреміз.

Министр Қасымбек, ипотеканы субсидиялау нарықтық механизмге жатпайды, деп Ұлттық банк те айтқанын еске алды. Сөйтіп Ұлттық банк, кәсіпкерлер палатасы және қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, «Нұрлы жерге» өзгерістер мен түзетулер енгізуді ұсынды. Иә, банктер «пайыздық үстеме» ұғымымен егіз. Оларға әлеуметтік жауапкершілікті әкімшілік жолмен артқанмен, проблема шешілмейтінін мамандар да айтады.

Айдархан Құсайынов, экономист:

Бұл бағдарлама әлеуметтік тұрғын үй мәселесін шешетін сияқты көрінгенімен, банк жүйесінде проблема туғызады. Депозиттерге байланысты проблема шығады. Бәрі айналып келіп, тағы да сол, тұрғындардың «басын» ауыртады. Сондықтан кешенді қарау керек. Жалпы, макроэкономикада арзан ақшаны біреуге беру үшін алдымен оның көзін табу керек. Ал ол пайда болу үшін, бірнәрседен жасалуы керек. Немесе Ұлттық қордан алу керек. Бізде Ұлттық қорға арқа сүйеу, қит етсе, содан ақша алу әдетке айналып барады...

«Ашкөз банктер» туралы әңгіменің бекер айтылмайтынына кезекті дәлел.Теколарды күйреуден аман алып қалу үшін бюджеттің миллиардтары бөлінгенін және бөлінетінін «нарықтық механизм» деп қабылдайтындары, оған «бойкот» жарияламайтындары күйдіреді. Яғни «Нұрлы жер» бағдармасы қазіргі күйінде шынымен де іске аспайды...