Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Көгерген үй, көкжөтел. Жылда су басатын ауылдың қажыған бейнесі.

AstanaTV
28.10.2017ж. 20:00
2529
Көгерген үй, көкжөтел. Жылда су басатын ауылдың қажыған бейнесі.

Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданында Нұра өзені арнасы бойын жағалай орналасқан 19 елді-мекен су басу қаупі төнген ауылдар. Соның бірі – Садовое-да биыл жал үйіп жатыр. Бірақ жұрт ырза емес – топырақпен шайылып жеткен су қоймалжың балшыққа айналып, тіпті үйден шыға алмай қалатын шығармыз, деп. Оның үстіне ауылды бөгетпен қоршау малды өріске шығаруға кедергі. Өйткені, жерді қазып тастаған. Ал, мал бөгеттен өте алмай, мөңірейді...Жалпы, жайылым нормадан аз. Медпункт те, балабақша түгілі, мектеп те жоқ. Ауыл балалары, олардың саны 72, 7 шақырымдағы көрші ауылда оқиды.Жылда су басатын ауылда болашақ жоқ, көшірсін дейді, тұрғындар. Ең сорақысы, 2015 жылғы су тасқынынан зардап шеккен 3 бірдей отбасы әлі күнге дейін баспана ала алмай жүр. Бұл жағдай бәрінен де азаматтық алып үлгермеген оралмандар отбасына ауыр тиді. Оразияның отбасы ештеңе ала алмаған соң көгеріп кеткен үйді паналаған.Тамақтарын әрең тауып жеп отырған олардың баспанасы  құдды бір монша секілді буланып тұрады. Салдарынан отбасы мүшелері туберкулез дертіне шалдыққан... Бұл ауылда ескі «Жигули», «Москвич» сияқты машинасы барлар «бақытты адам» саналады. «Бақыттың» шыңы кеңес кезіндегідей, «Жигули», «Москвич» болып саналатын ауылдан Айжан Қуаштың арнайы репортажы.

Садовое ауылының мына кішкентай тұрғындары балабақша дегенді білмей өсіп келеді. Өйткені бұл ауылда ондай мекеме жоқ. Қыздар күні бойы анасы-Жамалдың қасында. Өзгелермен араласпаған соң тым жатырқауық.

Жамал Амангелді, Садовое ауылының тұрғыны:

Осыдан екі жыл бұрын бізге негізі басшылықтан уәде берілген болатын,осы ауылға мектеп,балабақша салып береміз деп. Бірақ ешқандай орындалған жоқ. Екінші қызым балабақшаға барған жоқ. Қазір мына қызым үш жаста. Балабақшаға бармайды. Бір-бірімен балалар араласу керек. Ал, бізде мысалы, балалар тұйықталады, араласпағандықтан. Үйде отырады, көретіні таңнан кешке дейін мен болсам...

Балабақшаны былай қойыңыз, ауылда тым болмаса мектеп те жоқ. Осындағы 72 бала сабақты 7 шақырым қашықтағы Гагарин ауылына барып оқиды. Автобус бар дегенмен, қыста жол жабық. Мектепке бару сирейді.

Құрмет Уәжіпұлы, Садовое ауылының тұрғыны:

Қыстыгүні қар болған кезде мектеп те болмай қалады бір жұмамен. Ауылдың арасы қардан тазаланбай қалса.

Садовое ауылында білім және медицина нысандары 97 жылдары жабылып, тиісінше, талан-таражға түсіп, бұзылып қалған. Содан бері ауыл жастары 20 шақырым жердегі Теміртаудан нәпақа іздеп кеткен. Көбі сонда жұмыс істегенмен, қалада баспана жайы қиын болғандықтан әлі де осында тұрады. Сондай-ақ, 308 тұрғын Гагарин ауылындағы медициналық бөлімге барып, қаралады. Себебі медпункт те жоқ. «Москвич», «Жигули»-лері барларға қиын емес, ауырса Гагаринге, не қалаға шауып барады. Олар ауылдағы "бақытты" жандар. Ал, көліктері жоқ қариялар «өлгеннен басқа жол жоқ» деп қынжылады.

Әби Исламхан, Садовое ауылының тұрғыны:

Мен сияқты 70 тегі шалдар, жүрекпен ауыратындар, мына жерде бір шалымыз қайтыс болды жүрекпен ауырып. Транспорты жоқ қолында, звондаймыз. Шақырамыз, ешкім келген жоқ. Ертеңінде қайтыс болды. Мысалы,транспорты кімде бар, ол кісілер өздері барып қалаға қаралады. Көрдіңіз бе? Ал, жоқтар, біз сияқтылар өлуден басқа ешқандай жол жоқ.

Әби ақсақал ауылдағы сан проблемаға қарамастан туыстарымен бірігіп ашқан жеке шаруашылықты дамытқысы келеді-ақ. Мал өсіріп,ет бордақылауды жоспарлаған. Алайда табын жаятын жайылым таппай жүр.

Әби Исламхан, Садовое ауылының тұрғыны:

Малды біз өсірейік, тірлігімізді істейік дегенбіз. Жайылым жоқ. Садовое ауылында жалғыз-ақ адам мына жерде хозяин. Ол бізді мында кіргізбейді де, жайғызбайды да. Айналдырған 1 км жерде тіршілік етеміз. Ешқандай көмек жоқ.

Онсыз да тар жайылым жал салғаннан кейін тіпті тарылып кетті. Тұрғындар малдарын өріске шығарудан қалды. Биік бөгеттерден табынды асырудың өзі қауіпті,- дейді олар.

Әбжат Қабылұлы, Садовое ауылының тұрғыны:

Жайылымыздың түрі анау, ар жағында егіндік сарғайып көрініп тұрған. Дамбыны салдық деді де, күреп апарып мына араны ойпыл-тойпыл қылып қойды. Жазғытұрым қар еріген кезде мынадан асып келіп, батпақтап мал өлмегенде қайтеді?

Айжан Қуаш, тілші:

Жуықта ауыл түгелдей осындай бөгеттермен қоршалды.Бұл биліктегілер үшін қауіпсіздік шарасы. Алайда осы маңайдың сырын жақсы білетін тұрғындар бұл құмдардың көктемгі су тасқынынан ауылды аман алып қалатынына еш сенбейді. Олар үшін мәселені шешудің бір-ақ жолы бар, ол-ауылды басқа орынға көшіру.

Құрмет Уәжіпұлы, Садовое ауылының тұрғыны:

Не көшіру керек, не болмаса басқа бірдеңе салсын онда мына жерге. Садик сала ма, ауылдың балалары мысалы, садикке бармайды, көшеде жүр, өзіңіз көрдіңіз. Садик ана Гагаринде. Оны таситын көлік керек қой. Бір автобус бала таси ма, садиктің баласын таси ма?Қыстың күні бір жұма мектеп те болмай қалады. Ауылдың арасы тазаланбай. Жағдай жасау керек, не көшіру керек халықты. Су келмесін деп қоршап қойғаннан не пайда? Дамба салғаннан ешқандай пайда жоқ. Қыстағы қар, көктемгі су қайда кетеді, ол. Бәрібір су болады. Басқа жаққа кетеді ол.

Тұрғындар былтыр ауылды көшіруді сұрап Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божкоға хат та жазған. Кейін «ауылды басқа жерге көшіреді» деген сыбыс әкімдіктегілердің сауалнама жүргізуімен шектелген.

Еске салсақ, Садовое ауылын соңғы 3 жыл бойы су басып келеді.Самарқан суқоймасы тасып, жұрт әр көктем сайын қайықтармен эвакуцияланады. Ондаған баспана, мал-мүліктерінен айырылады. Ең сорақысы, 2015 жылы зардап шеккен 3 бірдей отбасы әлі үй алмаған. Бұл жағдай бәрінен де азаматтық алып үлгермеген оралмандар отбасына ауыр тиді. Еркін Оразияның бала-шағасы далада қалған соң көгеріп кеткен үйді паналап отыр. Тамақтарын әрең тауып жеп отырған олардың баспанасы құдды бір монша секілді буланып тұрады. Салдарынан отбасы мүшелері өкпе, туберкулез дертіне шалдыққан. Әйелі Алмагүл әбден шаршаған. Көздері күйік пен ренішке толы.

Алмагүл Кенжіл, Садовое ауылының тұрғыны:

Іші сыртында бүлінген жер жоқ, сол себепті бұзбаймыз деп бұзған жоқ. Былтыр, 2017 жылы тағы су келді. Содан бері ремонтымызды істеген болдық, көгеріп кетті. Мына үйде отыру мүмкін емес болып кетті. Бала-шағам, немерем бар, барлығы жиі-жиі ауырады.

Әкімдіктегілер апатты баспаналарын сүріп тастап, далаға қалдырған тағы 2 отбасы жұрттарын күзетіп әуре. Теміртау қаласынан өз ақшаларына үй жалдап отыр. Балалы-шағалы отбасылар үшін бұл да оңай емес.

Берікбол Жылқышыбай, Садовое ауылының тұрғыны:

Бізге айтты «бұл үйлеріңіз отыруға жарамсыз,сіздер не қаладан үй аласыздар, не үй салып береміз»,-деді. «Жарайды»,-деп келістік. Енді қайда барарымызды білмейміз. Қалада қазір квартира жалдап,өз қаражатыммен өмір сүріп жатырмын. Күнде келем,күнде келем бір бет қағазымды ұстап алып. Аудан әкімінен пайда жоқ, бір айтқан сөзін айтып қайтадан шығарып салады. Қарағанды әкіміне барайын десем, ол кісіге кіре алмаймын. Енді үш жыл болды, міне. Үш жылдан бері  жауабы берілетін болды ғой енді.Не берілетін болсын,не берілмейтін болсын. Нақты жауабын айту керек қой. Салпақтатып қойды. Не істеп,не қойып жатқандарын өздері де білмейді.

Ауыл тұрғындары әбден қажыған. Бірақ проблемалардың көбесі ақырындап болса да сөгілмейтінін ұқтық. Себебі жергілікті әкім жіпке тізгендей етіп санамалап отырған сан проблеманы шешуге бағытталған қандай да бір жоспар жоқ екенін жеткізді.

Асқар Әміре, Садовое ауылының әкімі:

Қазір Садовое ауылында 346 гектар жайылым бар, осы тұрғындарға арналған. Жетіспейтіні 1700 гектар. Қазір көрші ауылдардан жайылым қарастырылып жатыр. Көшіру мәселесі әлі белгісіз. Нақты жоспар жоқ.

Айта кетерлігі, Бұқар жырау ауданында Нұра өзенінің бойын жағалай орналасқан 19 елді мекен бар. Оларда тасқын қаупі жоғары. Қазір барлығы бөгеттермен қоршалып жатыр. Бұл жалдардың ауылдарға көмегі тиер-тимесі белгісіз. Алдағы көктемде үйлерінен айырылып, далада қалған жұрттың қатары көбеймесе болды. Әйтпесе, адамдар тұрса да, тіршілігі мәнсіз, меңіреу мекен - Садовое секілді ауылдар бізде жетіп артылады. Көгеріп кеткен үйде тұрмайтын жоғары шенділер көкжөтел жұқтырғандарды жанына жолатқысы жоқ...

Айжан Қуаш "Біздің Уақыт".